Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалы (төрайымы – Алмакүл Өсерова) Алматы қаласының Республикалық Ұлттық кітапханасында өткен облыстық байқаудың «Үздік жас кітапханашы – 2021» номинациясының жеңімпазы және «Үздік жас кітапханашы – 2021» республикалық конкурсының лауреаты Сабина Бәкірованы құттықтады.
Сабина Бәкірова 2015 жылы Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін, өзінің еңбек жолын Қарағанды облысы Абай ауданының орталық аудандық кітапханасында бастады. 2020 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік аяқтап, «Мәдениеттану» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Жас кітапханашы өзін кітапхана ісін шын сүйетін сауатты маман ретінде көрсетті. Ол «Қазақстан-2050»Стратегиясын және Президенттің жыл сайынғы Жолдауларын насихаттау мен түсіндіру жөніндегі кітапханалық-ақпараттық бағдарламаны белсенді іске асыруда.
Жас маман өз жұмысында жаңа оқырмандардың назарын аударту мақсатында «Тәуелсіздік – біздің басты жетістігіміз» тақырыбында кездесулер, «Ұлы Даланың жеті қыры» кітап көрмесі, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы, «Дауыстап оқу-2018» акциясы, «Күміс ғасыр құпиялары» сияқты әртүрлі әдеби кештерді ұйымдастырады. Оқырмандармен жұмыс жасаудың креативті түрлерін тұрақты негізде зерделеп енгізеді, бұл кітапханаға келушілерді кітаптарға шынайы қызығушылық танытуға итермелейді.
Сабина Ришатқызы кәсіподақ қозғалысының белсенді мүшесі, Абай қаласының орталық кітапхана жүйесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының құрамында кәсіподақ комитетінің жұмысына қатысады.
Абай қаласының кітапханасы уақыт үрдістеріне сәйкес дамып келеді, өйткені өз жұмысында оқуға тарту бойынша заманауи ақпараттық-коммуникативтік технологиялар мен жаңа тәсілдерді пайдаланады. Сабина Ришатқызы сияқты жас мамандардың арқасында кітапханаларда өмір әрқашан қайнап тұрады.