Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан: өркендеудің 30 жылы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, басқарма басшылары мен аудан әкімдері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы Сыр халқын ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Тәуелсіз Қазақстанның даму белесінде Елбасының рөлі мен жаңғыру кезеңіндегі Сыр елінің жетістігі туралы әңгімеледі.
Конференцияда Елбасы және ел тәуелсіздігі жылдары жетістіктері туралы, мемлекет саясаты туралы баяндамалар оқылып, пікір алмасу жүрді. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға әріптестер қатарында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мақсұт Нәлібаев та қатысты.