Сыр өңірі мұнайшыларының еңбек жағдайлары салалық кәсіподақтың Пленумы қарауына ұсынылды

Қараша айының соңғы онкүндігінде Шымкент қаласында өткен Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының Орталық кеңесінің ІІІ Пленумында Қызылорда облысының мұнай компанияларындағы еңбек қатынастары мәселелері талқылауға ұсынылды.

Сыр өңірі мұнайшыларының еңбек жағдайларының өзекті мәселелері мен жұмыскерлердің жалақыға қатысты сұраныс-талаптары бойынша ахуалды Пленумға қатысқан «Петро Қазақстан Құқкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы, «ҚуатАмлонМұнай» серіктестігі, «СНПС-АйДанМұнай» компаниясы кәсіподақ ұйымы төрағалары жеткізді.

«Петро Қазақстан Құқкөл Ресорсиз» мұнай компаниясының кәсіподақ ұйымы төрағасы Бахытжан Мұқашева Ұжымдық шарттың орындалуы мен жергілікті кәсіподақ ұйымы құрамындағы «Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» компаниясында тараптармен Ұжымдық шартты жасасу барысы туралы баяндады.

«ҚуатАмлонМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жергілікті кәсіподағы төрағасы Айбек Әбдреев еңбек ахуалы мен жұмыскерлердің жұмыс берушілерге жыл басынан бастап қойып келе жатқан жалақыға қатысты наразылықтары бойынша атқарылған жұмыстар барысын жеткізді. Сырбойлық мұнайшылардың кәсіподақ көшбасшылары және басқа да қатысушылар Пленумның күн тәртібіндегі мәселелермен қатар қосымша көтерілген сұрақтарға байланысты талқылауларды мұнай-газ саласы қызметкерлерінің 60 жастан зейнеткерлікке шығуы, мұнайшылардың жалақысын көтеру, Ұжымдық шарттың игіліктерін тек кәсіподақ мүшелеріне қатысты болуы туралы және кәсіподақтардың ролін арттыру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарымен түйіндеп, салалық кәсіподақтың аталған бағыттардағы жұмыс жоспарына ұсынды.