ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кәсіподақ белсенділерінің еңбегі атап өтілді

Мерекеге орай Мұғалжар аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен және аудандық кәсіподақ ұйымының демеушілігімен «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздікке – 30 жыл» атты салтанатты шара өтті.

Мерекелік кешке егемен еліміз азаттыққа қол жеткізген тұста дүние есігін ашып, бүгінде білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтар, аға ұрпақ өкілдері қатысты. Жиналғандар ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздігінің мән-маңызы, еркіндік үшін күрескен қаһармандар туралы әңгіме өтті.

Сондай-ақ, салтанатты кеште сала үздіктері марапатталды. Тәуелсіздік құрдастары облыстық салалық кәсіподақ ұйымы, аудандық білім бөлімі және білім кәсіподағының алғыс хаттарымен марапатталды. Оларға кәсіподақ тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.

Ал білім беру саласында ұзақ уақыт қажырлы еңбек еткен ұстаздарға шипажайға жолдама табысталды.