Кәсіподақ төрағасы өзекті мәселені көтерді

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібіне сәйкес 6 мәселе қаралды.

«Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының 5-бабы 13-тармақшасына сәйкес, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесі жергілікті деңгейдегі құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдауды жоспарға енгізіп, өз кезеңімен тыңдап келеді.

Кеңес мүшесі ретінде отырысқа «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысып, өзекті мәселені көтерді.

Кеңесте қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың баяндамасы тыңдалған болатын. Баяндамадан соң, басқарма басшысына ұсыныс айтқан Бауыржан Ілімшеұлы жасанды кептелістің алдын алу қажеттігін айтты.

«Қалада өмір сүрген жақсы ғой, егер кептелістері болмаса. Бүгінгі таңда қаламызда осы мәселеге де аса көңіл бөлініп жатыр. Жолдар жөнделуде, жөндеу сапасы да жақсы. Қала жолдарындағы кептелістерді зерделеп, көшелерді кеңейтіп жатыр, айналмалар да соғылып жатыр. Дегенмен, назардан тыс қалып кеткен бір жай бар. Ол – жасанды кептеліс мәселесі.

Олардың бірі қала көшелерін жөндеушілер, көгалдандырушылар болса, енді бірі – жарнамашылар. Бұлар таңертең, түсте, кешке жұмысқа тура қаладағы қарбалас сәтте “жағаласып” шығып алып, онсыз да кептеліс болып жатқан жерде жолдың бір жолағын жауып тастап, асықпай жұмыс жасап жатады.

Ал, абаттандырушылар мен көгертушілер су суғарып, тал кесіп жатады. Оларға қосылып жарнамаларшылар да жолды жауып қойып баннерлерін іліп жатады.

Осы жұмыстарды көлік қарбаласы кезінен басқа уақытта жасаса деген ұсынысым бар», – деді Бауыржан Ілімшеұлы.

Кеңес мүшелері Бауыржан Ілімшеұлының ұсынысын бірауыздан қолдады. Ұсыныс хаттамаға енгізілді.

Бұдан бөлек, отырыста Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Бақтияр Жүзенов «Көлеңкелі экономика саласындағы қылмыстарды анықтау және тергеу» бойынша баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қаржы мониторинг органдарының қызметін қайта бағдарлау және елдегі көлеңкелі экономика деңгейін төмендету тапсырды.

Аталған тапсырмаға сәйкес, департамент қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстарына қатысты кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, айтылған ұсыныстар қабылданды.

Қоғамдық кеңес департаменттің басты бағыты – әлеуметтік саладағы қылмыстарды анықтау, бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты пайдалануы, жымқыру деректерін анықтау, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету бағытында жұмыстарды жандандыруды ұсынды.