Қызылордалық мұнайшылардың еңбек мәселесі үшжақты комиссия отырысында қаралды

Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы мұнай компанияларындағы еңбек шиеленістері тәуекелдері бойынша мәселені қайта қарады. Бірқатар кәсіпорындарда жыл басынан көтеріліп келе жатқан жұмыскерлердің жалақысын көтеру талаптары мен еңбек жанжалдары тәуекелдері қазірге дейін шиеленісіп келеді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша комиссия төрағасы «ҚуатАмлонМұнай БК» ЖШС, «ТұзКөлМұнайГазОперейтинг» ЖШС, «СНПС АйданМұнай» АҚ және «Кazpetrol Group» ЖШС өкілдерін тыңдады.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев мәселелер бойынша кәсіподақтардың жұмыс алгоритмі барысы туралы пікірін білдірді. Комиссия отырысында аталған мұнай компанияларының кәсіподақ төрағалары Б.Мұқашева, А.Әбдреев, А.Нұрғалиев еңбек ұжымдарындағы ахуалдың нақты көріністерін баяндады. Сонымен қатар, «Кazpetrol Group» компаниясы еңбек шартын бұзған 12 жұмыскердің жағдайын компанияның бұрынғы жұмыскері, кәсіподақ төрағасы А.Қалжанов жеткізді. Тараптарды тыңдаған облыс әкімі компания басшыларына жұмысшылар тарапынан көтеріліп отырған мәселелерді нақты шешілу жолдарын қарап, заң шеңберінде әрекет етуді жүктеді. Осы ретте әрбір кәсіпорын басшылығы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жұмысшыларға сыйақы беру мүмкіндіктерін қарастыруды және кәсіподақпен бірлесіп оң шешім қабылдауға мүдделік танытуы қажет екенін еске салды. Облыс әкімі еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және ұжымдық даудың орын алуына жол бермеу мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтіп, қаралған әрбір кәсіпорын жағдайына қатысты нақты тапсырмалар берді.

Комиссия отырысында қаралған Ресей Федерациясының жоғарғы оқу орындарын аяқтаған қызылордалық түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша тиісті басқармаларға нақты механизм бойынша жұмысты үйлестіріп, жастармен кездесу ұйымдастыру арқылы оларды еңбекпен қамтудың қосымша жолдарын қарастыруды міндеттеді. Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктелді.