Жуырда “Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында әнді жандарына серік еткен мәдениет және спорт мекемелерінің кәсіподақ мүшелерінің бірігіп ән салуына мүмкіндік жасаған “Екі жұлдыз” ән байқауын ұйымдастырды. Спортшылар мен кітапханашылардан, әдіскерлер мен жаттықтырушылардан, әншілерден құралған жұптар осы ән байқауының Жарық жұлдызы болуға атсалысты. Сайыскерлер барлығы дерлік ұлттық нақышта киінген. Көрерменге әсем көңіл-күй сыйлаған өнерпаздар үлкен дайындықпен келгені көз қуантты.
Байқау нәтижесі бойынша вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың “Сыған серенадасын” орындаған Исатай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы С.Шагиров пен “Новобогат” мәдениет үйінің әншісі А.Нығметова, сыған киімін киген бір топ адам сахнада шоу жасап, көрерменді бірден баурап алып, 1-ші орынға ие болды. Келесі кезекте Махамбет атындағы академиялық драма театр қызметкері Р.Қаденов пен №1-ші мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдошысы Х.Әмірғалиева 2-ші орынды иеленді. Қазылар алқасы Қазақстанның танымал сазгері Б.Қоқаманов пен әнші С.Биғамбаев Хамария Әміралиеваның спортшы бола тұра, әншілік өнеріне тәнті болды.
Жүлделі 3-ші орын Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана өнерпаздарының еншісіне тиді. Санқырлы бір топ кітапханашылар А.Дайынова мен М.Серікқалиева әсем дауыспен ән салып, басқалары би билеп, байқаудың көркіне сән бере түсті.
Мүгедектер спорт клубының өнерлі жұптары Т.Жақыпова мен Н.Бергенбай “Көрермен көзайымы”, Доссор мәдениет үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Әбілқасова мен Д.Еримов “Жаңа толқын”, Жылыой аудандық №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері әрі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Әлімбаева мен мәдениет үйінің әншісі А.Қоңыров “Жас дарын”, Индер спорт мектебінің жаттықтырушысы С. Піштібаев пен кітапханашы А.Зикенова “Сахна көзайымы”, Ақжар ауылдық клубының кітапханашысы Л.Бисенова мен қызметкері Н.Бисенов “Жарасымды жұп” номинацияларына ие болды. 16 адамнан құралған өнерлі сегіз жұп дипломдармен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.
“Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Г. Шайхашева мәдениет және спорт мекемелерінің басшыларына, бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне, сайыскерлерге, ән байқауын өткізуге атсалысқан Құрманғазы мәдениет сарайының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, бөлім меңгерушісі С.Биғамбаевқа және шараны өткізуге мүмкіндік туғызған Жұмыскер мәдениет үйінің басшылығына алғысын айтты.