Республикалық «Парыз» байқауының жеңімпаздары анықталды

7 желтоқсан күні елордада жыл сайынғы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» – 2021 республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, ҚР Парламентінің депутаттары, Кәсіподақтар федерациясының, республиканың орталық мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Байқау 4 номинациядан тұрады. Олар «Үздік әлеуметтік – жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын»,   «Үздік ұжымдық шарт» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымдары.

Биыл 2020 жылы белгіленген «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығының иегерлеріне марапаттар алғаш рет тапсырылды.

Осы жылы байқауға қатысуға барлығы 440 өтініш түссе, оның 169-ы ірі кәсіпкерлік субъектілері, 271-і орта және шағын кәсіпорындар.

Республикалық комиссияның құрамына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, бизнес және кәсіподақ өкілдері кіреді. Іріктеу нәтижелері бойынша 28 жеңімпаз яғни 2 Гран-при иегері, 24 – лауреат және 2 «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығының иегері анықталды.

Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы Гран-при Батыс Қазақстан облысының «Қарашығанақ Пертолеум Оперейтинг Б.В.» компанияларының консорциумына берілді. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Ақтөбе облысындағы «ПО Глобал-Спеццодежда» ЖШС-і үздік деп танылды.

«Үздік ұжымдық шарт» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында: Шымкент қаласынан «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, Шығыс Қазақстан облысынан «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ және Павлодар облысынан «ERG Сервис» ЖШС жеңімпаз атанды.

Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Нұр-Сұлтан қаласынан «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ, Солтүстік Қазақстан облысынан «Молсервис» ЖШС және Жамбыл облысынан «Шу-Строй Сервис» ЖШС жеңімпаз болды.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Жамбыл облысынан «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС, Қызылорда облысынан «КАП Технолоджи» ЖШС және Нұр-Сұлтан қаласынан «НАК Констракшн» ЖШС жеңімпаз атанды.

Орта және шағын бизнес субъектілері арасында Ақмола облысынан «Камаз-Инжиниринг» АҚ, Шығыс Қазақстан облысынан «Л-ТВК» ЖШС және Солтүстік Қазақстан облысынан «Целинное-2004» ЖШС үздік болды.

«Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Ақтөбе облысынан «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, Алматы қаласынан «KAZ Minerals Ақтоғай» ЖШС және Шымкент қаласынан «Химфарм» АҚ жеңімпаз атанды. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Солтүстік Қазақстан облысынан «Бредун» КТ, Ақмола облысынан «Ақбұлақ-Агро» ЖШС және Жамбыл облысынан «ССС» ЖК үздік деп танылды.

«Экологияға қосқан үлесі үшін»  номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Қостанай облысынан «Варваринское» АҚ, Алматы қаласынан «Алина Групп» ЖШС және Атырау облысынан «Сичим Қазақстан» ЖШС лауреат атанды.

Орта және шағын бизнес өкілдері арасында Ақмола облысынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС, Қостанай облысынан «Атамекен 4 плюс» ЖШС және Алматы қаласынан «Kazakhstan Waste Recycling» ЖШС-і  жеңімпаз атанды.

«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы жүлдесін ірі кәсіпкерлік субъектісі арасында «Total E & P Dunga GmbH» компаниясының Маңғыстау облысындағы филиалы иеленсе, орта және шағын бизнес санатынан  «Аслан» КХ жеңіп алды.

Байқау жеңімпаздары тиісті дипломдармен және айырым белгілерімен (мүсіншелер) марапатталды. Сондай-ақ лауреаттар конкурс эмблемасын үш жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болды.