«Тәуелсіздік – тірегім» атты мерекелік іс-шара өтті

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де (бұдан әрі – Орталық) бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай «Тәуелсіздік – тірегім» атты іс-шара өткізілді.

Аталған Орталықта «Қызмет» салалық кәсіподағының құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, кәсіподақ комитетінің төрағасы ауысып, жаңадан кәсіподақ төрағасы болып еңбек терапиясы нұсқаушысы Асқар Үсенбаев орталық ұжымының келісілген дауысымен сайланған. Орталықтағы кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 140 адамға жуық.

Іс-шарадағы алғы сөзді орталық директорының міндетін уақытша атқарушы, жаңадан тағайындалған директордың әкімшілік шаруашылық жөніндегі орынбасары Көпжан  Тұрлыбеков ашты. Ұжым мүшелерін құттықтау үшін келесі сөз «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлына берілді.

Филиал төрағасы Серік Елемесұлы «Тәуелсіздік жылдарындағы» еліміздің жеткен жетістіктеріне тоқтала өтіп, оған өзіндік үлес қосып, кәсіподақ белсенділері болып жүрген орталықтың бірқатар әлеуметтік қызметкерлеріне филиал наградаларын табыстады.

Атап айтқанда, орталықтың емдік-дене шынықтыру нұсқаушысы Салтанат Тоқушова, шаруа бикесі Татьяна Одуденко, дәрігер-психиатры  Гүлмира Айтмирзаева «Құрмет грамоталарымен» және орталықтың санитар-тазалаушысы  Ұлбике Серікбаева, еңбек терапиясы нұсқаушысы  Аднабек Рүстемов, медбикесі  Ғалия Жолымбекова «Алғыс хаттармен» марапатталды.