Жуырда «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жылыой аудандық комитеті» филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жылдығына орай «Кәсіподақ – қолдаушы күш» тақырыбында бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларының фестивалі өтті.
Фестиваль шартына сәйкес ауданның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары 4 топқа бірігіп, өзара сайысқа түсті. Сайыс шартына сәйкес командалық таныстыру, көрініс, поэзиялық сәт және ойлы сұрақтарға жауап беру секілді тапсырмалар берілді. Арнайы құрылған Қазылар алқасының шешімімен І орынға «Демеу» тобы, ІІ орынға «Алаш қыздары» және «Қыран» топтары және ІІІ орынға «Кемеңгер» тобы лайықты деп табылды.
Фестиваль жеңімпаздарын марапаттауға Жылыой аудан әкімінің орынбасары Ә.Шакиров, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қ.Сүндетұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Қақпанбаева, аудандық салалық кәсіподақ филиалының төрайымы Г.Төребекова қатысып, аудан әкімінің және салалық кәсіподақ ұйымдарының алғыс хаттарын табыс етті.