Еңбек қатынасы – ең басты мәселе

2021 жылдың 8 желтоқсан күні облыс әкімі Б.Сапарбаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өткізілді.

Үшжақты комиссия отырысына «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркепов, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Гүлмайра Момбекова, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, білім басқармасының басшысы Бейқұт Жаманкөзов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, облыстық маслихаттың депутаты Гулам Умаров, бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе, қала және аудандарда кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстарын жүргізе отырып, жыл басынан бері берілген тапсырмаларды орындау мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңа 32 бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 2391 адамға артқанын атап өтті.

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркепов аймақта ағымдағы және мерзімі өткен ресми жалақы қарыздары жоқ екендігін тілге тиек етті. “Бұл бағытта прокуратура және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп атқарған шаралардың нәтижесінде жыл басынан 266,3 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, бүгінгі таңда олар толығымен жойылды. Нәтижесінде 1533 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды”, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, баяндамашы әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарған шаралардың нәтижесінде ұжымдық шарттар қабылдау жұмыстарының көрсеткіші 99,6 пайызға жеткізілгенін, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бағытында да нәтиже бар екенін хабарлады. Мәселен, 208 тойхананың, 74 кафе-мейрамхананың, 126 дүкеннің және 64 шаруа қожалықтың жұмыскерлерімен еңбек шарттары жасалған.

Отырысқа қатысушылар өңірдегі еңбек қатынастарының әл-ақуалы мәселелерін қарастырды, еңбекақы бойынша қарыз жағдайын талдады, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде мәліметтермен танысты.

Облыс әкімі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстарды жеткізіп, жұмыскерлердің жалақыларын уақтылы алуы, құқықтарының қорғалуы қашан да маңызды екенін айтты.