Кәсіподақ республикалық «Қайырымдылық керуені» шарасына қатысуда

Мейірімділікке бастайтын ізгі жобаны Ойыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы да қолдады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы салтанатты шара ұйымдастырып, 30 кәсіподақ мүшесіне алғыс хат табыстап, қолдау көрсетті.

Акция аясында аудан бойынша білім беру мекемелері, яғни, бөбекжай-балабақша, мектеп ұжымдары қамтылды. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, шараға жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Аянбай еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелерін құттықтаған аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлмира Избағамбетова елімізді көркейтуге үлес қосып жүрген, соның ішінде көпбалалы отбасылар, алтын алқа және күміс алқа иегерлерін марапаттан тыс қалдырмайтынын, тұрақты түрде көмек көрсетіліп жүретінін тілге тиек етті. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.