Жас келсе – іске

Халқымыздың басына шуақты күн арайын төгіп, тарих жадынамасына Қазақстан Республикасы атты Тәуелсіз, жас, жасампаз мемлекет қосылған жылы өмірге келген Аякөз Әлкенова да отыз жылдық уақыт шеңберінде Абайша айтқанда “дүниеге кірпіш болып қалану жолында” тайсалмай еңбектеніп келеді.

Бала күнінен оқуда алда, қоғамдық жұмыстарда да белсенді болған ару қиын да күрделі ұстаздық жолды таңдаған. Дегенмен, Ыбырай, Ахметтер салған ізге ергеніне ешқашан да өкінген емес. Себебі, ол өз кәсібінен жанына рухани азық, жүрегіне тыныштық табады.

Аякөз мысты шаһардағы № 21 орта мектепті тәмамдағаннан кейін Жезқазған гуманитарлық колледжіне ағылшын тілі мамандығына оқуға түсті. Білімге тоймаған бойжеткен одан әрі Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне оқуға түсіп, жоғары білімді маман атанды.

Еңбек жолын іс-қағаздарды жүргізуші болып бастаған ол түрлі білім ордаларында еңбек етті. Бүгінгі қоғам үшін ағылшын тілін білу аса маңызды. Халықаралық қатынастар тілі саналатын ағылшын тілінің мұғалімі бола жүріп, түрлі білім бәйгелеріне қатысып, жүлделі орындардың иесі атанды. Топ жарған шәкірттері де ұстаз мерейін тасытып, мәртебесін арттырды.

2014-2021 жылдар аралығында №1 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Талаптылығымен көзге түскен 2021 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып та тәжірибе жинақтап үлгерді. Бүгінгі мезетте қалалық білім бөлімінде ағылшын тілі пәнінің әдіскері болып еңбек етіп жүрген Аякөз Әлкенованың жетер жетістіктері әлі де алда екені күмәнсіз.