ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – ел тұғыры» атты салтанатты шарасына қатысты.
Шара барысында салалық кәсіподақтың тәуелсіздік жылдарындағы қызметінің қорытындылары шығарылып, болашақтағы міндеттері айқындалды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин алғы сөзінде салалық кәсіподақтың кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
Бұл ретте ол мемлекеттің әлеуметтік саясатын қалыптастыруда кәсіподақтардың алатын орны айрықша екенін атап өтті.
«Өз қатарында 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымындағы 2 миллионға жуық еңбекшінің басын біріктіріп отырған еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым – Кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын насихаттап, еңбекшілердің мүддесі мен заңды құқықтарын қорғай отырып еліміздің дамуына үлес қосты. Кәсіподақтар федерациясы жаңа Қазақстанның қалыптасуына белсенді ат салысты және ат салысатын болады», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен даму – бірлікте» атты стратегиясын жүзеге асыру аясындағы басым міндеттеріне тоқталды.
Шарада сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева ұстаздар қауымдастығының құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар маңызды жетістіктерге тоқталып, білім беру жүйесіндегі жаңа міндеттерді жүзеге асыруда күш біріктіру қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева болса, «салалық кәсіподақ және оның ұйымдары еліміздегі барлық маңызды қоғамдық-саяси шараларға белсене қатысты. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерінде ұстанымы нық болды. Кәсіподақ, оның мыңдаған белсенділері қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауды жақтап, қай кезде де салиқалы әрекет етіп келеді», – деді.
Ол ардагерлерге, әлеуметтік әріптестер – Білім және ғылым министрлігіне, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер өкілдеріне, ҚРКФ өкілдеріне, сондай-ақ сала қызметкерлерінің маңызды мәселелерін шешудегі ынтымағы мен бірлігі үшін әріптестеріне алғысын білдірді.
Шарада ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Г.Көбенова, кәсіподақ қозғалысының ардагері М.Амантаева, Алматы қалалық «Ұстаз» жергілікті кәсіподақ ұйымы төрағасының кеңесші Қ.Назарбетов, салалық кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымының төрағасы Ғ.Науразбаева сөз алды.
Олар елімізде кәсіподақ қозғалысын дамытуға ат салысқан сала кәсіподақ жетекшілеріне алғыстарын білдіріп, салалық кәсіподақ ұйымының жоғары жетістіктерін атап өтті.
Шара барысында сала кәсіподақ жетекшілері Кәсіподақтар федерациясы мен салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары және төсбелгілерімен марапатталды.
Сондай-ақ «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған байқаудың мақсаты – білім беру саласы қызметкерлерінің – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтың рөлін арттыру, мұғалім мәртебесін көтеру және кәсіподақ мүшелігін ынталандыру.