«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды

Таразда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысқа келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мерекелік жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жамбылдықтарды мерекемен құттықтап, Тәуелсіздікті нығайтудағы Елбасының рөліне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасампаз саясатты жемісті жалғастыруы, салиқалы сабақтастық еліміздің одан ары табысты дамуының негізі болып отырғанын жеткізді.
– Туған халқының сенімін арқалаған Елбасы мен Қазақстан егіз ұғымға айналды. Нұрсұлтан Әбішұлының болашақты болжап, келешекті көре білген көреген саясатының арқасында Тәуелсіздікпен бірге қоғамның тұтастай жаңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның туын тіктеп, шекарасын шегендеп, әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерен еңбек сіңірді. Талай сындарлы сәтте елімізді заманның дауылы мен жауынына ұрындырмай, аман алып шықты.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасы қалыптастырған даңғыл жолды Сабақтастық, Әділет, Өрлеу принциптерімен лайықты жалғастырып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп келеді. Осылайша, біз ғасырға пара-пар қысқа мерзімде жасампаздық жолына түсе білдік,-деді Қ.Көшербаев өз сөзінде.
Мемлекеттік хатшы барша қазақстандықтың тәу етер тұғыры – Тәуелсіздіктің құндылығын бүгінгі өскелең ұрпақ жете түсініп, бағалауы керектігін баса айтты.
Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, облыстың жетістіктерін атап өтті. Егемендік алғалы еліміздің өркендеуі жолында жамбылдықтар да аянбай атсалысып келе жатқанын жеткізіп, өңірдің экономикалық, әлеуметтік жетістіктеріне тоқталды.
Мемлекеттік хатшы салтанатты іс-шара соңында Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды әртүрлі салада ел мерейін асырып жүрген жамбылдықтарға тапсырды. Атап айқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін өңірдің бір топ азаматы «ІІI дәрежелі Барыс», «Парасат», «Құрмет», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдері және ҚР Құрмет грамотасы сынды мемлекеттік наградалармен марапатталды.