Еңбеккер бейнесінде – шахтер Шоқан Әлімхан

Еңбек жолын тау-кен жұмысшысы ретінде бастаған Шоқан Әлімхан бүгінде ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының техникалық бөлімінде инженер. Кәсіпорында алтыншы жылға аяқ басып келе жатқан жігіт актерлікті армандаса да, шахтерлікті қолға алғанына еш өкінбейді. Керісінше, комбинат оған армандар орындалатын, мүмкіндіктер туатын ортаға айналып үлгерді.

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Орда бұзар отыз жастағы Шоқан кезінде өндіріске әкесінің ізімен келген еді. «Тау-кен ісі» мамандығын бітіріп,Ел Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтадан тау-кен жұмысшысы ретінде еңбек жолын бастайды. №1 ұңғыма және тазарту жұмыстары учаскесіне келген жігітті алғашында бәрі «Әлекеңнің баласы» деп таныған. Себебі, оның әкесі – Дөң тау-кен байыту комбинатының майталман мамандарының бірі де бірегейі, талай шахтерге тұтқа болған тәлімгер, даңқты кенші. 40 жыл ғұмырын шахта ісіне арнаған Әлімхан Бегімбетовтің кенжесін жылы қарсы алып, жерасты тынысын үйреткен аға буынға Шоқан әлі күнге дейін риза.
Уақыт өте тәжірибе жинақтап, шахтаішілік жұмыстарды үйреніп алған соң, техникалық бөлімге ауысып, тау-кен жұмыстарының инженері қызметін қолына алады. Ол жақта геологтардың барлау жұмыстарын, олардың берген жерасты ақпараттарын жинап, маркшейдерлерге бағыт-бағдар сызумен айналысады. Міне, сол қызметін абыроймен атқарып жүргеніне бүгінде анық бес жыл толды.
Бұл бөлімде оған Мырзатай Айымбетовтің тәлімгері үлкен көмек болды. Ұстаздан шәкірт озар деп, тәлімгерінен үйренгендерін өз білімімен әрі қарай алып кетіп, қазіргі таңда білікті маманға айналып отыр. Сондай-ақ, өзіне жол көрсетіп, әріптестік көмектерін аямаған Алпамыс Мұқанов, Оралхан Отарбаев сынды әріптестеріне айтар алғысы да шексіз.
– «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деген сөз бар. Әкемнің атына сөз келтірмей жүрсем деген ойыммен қоса, есімім де тарихи тұлғаны арқалап жүр. Оның үстіне Тәуелсіздіктің құрдасымын. Жауапкершілік жетеді. Сол атқа лайықты өмір сүріп, мен де өңірдің дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді, – деген Шоқанның әңгімесін тыңдасақ, оның бойындағы жауапкершілік қасиетін бірден байқауға болады.
– Бала күнімнен өзім тұйық болып өстім. Ұяңдық басым болғасын, бойымдағы таланттарымды да көрсете алмайтынмын. Қалай осы комбинатқа келдім, бұл орта мені бала күнгі арманыма, сахнаға бірден жақындата түсті. Себебі актерлікке түскім келген кезімде. Әйтсе де актерлік емес, шахтерлік істе жүргенім басыма қонған бақ па деймін, – дейді жас инженер.
Өндіріс саласында жүрсе де сөз өнерін, көркемсөз оқуды жанынан бір елі тастамайтын ол талай корпоративтік шараларда өзін жаңа қырынан көрсетіп жүрген қызметкер. Спортқа да жақын.
Шоқан Уәлихановтай тұлғаның есімімен аттас жігіт қолы қалт етсе, қазақ фильмі мен әдебиеттегі тұлғалардың шығармаларын оқып, әлеуметтік желі қолданушыларына Абай, Шәкәрімдердің образын көрсетуді махаббатпен орындайды.
Тәуелсіздік алған жылы өмір есігін ашқандар бүгінде бірқатар белестерді бағындырып үлгерді. Шоқан да өзінің өмірінде жақсы жетістіктерге жетіп жатыр.
–Мансап жолында өз жолымды таптым. Дөң тау-кен байыту комбинаты атынан екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Ендігі мақсатым – шаңырақ көтеру, саналы ұрпақ тәрбиелеу. 2022-ге қойған жоспарым осы. Ал зейнеттегі ата-анама тек зейінді ұл ретінде рахатымды көрсету – менің өмірлік парызым, – деп әдемі ойын әсерлі жеткізе білді Шоқан.