Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өткізді.

Іс-шара Жамбыл аудандық «Дарын» халық театрының мерекеге сәйкес дайындаған театралды көрініспен ашылып, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның әншілері жиналған кәсіподақ белсенділерімен ардагерлерге мерекелік ән-шашу сыйлады.

Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Д.Бықыбаев жиынға қатысушыларды құттықтап, “ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті”, -дей келе, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салаларының даму кезеңдеріне тоқталып, жеткен жетістіктеріміздің барлығы берекелі бірлік пен еселі еңбектің арқасында екендігін айтты. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы басталған тұста дүниеге келіп, жаңа өмірге қадам басқан Қазақстанмен бірге өсіп, шыңдалып, мәдениет пен спорт саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар саладағы тәуелсіздік құрдастарын ерекше атап өтті. “Қазақстанның болашағы енді осы жастарға аманат”, – деп, сөзін аяқтады. Мерекелік жиын марапаттау рәсіміне ұласты.

Көп жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етіп, дамуына сүбелі үлес қосқан, бүгінде зейнеттегі мәдениет ардагерлері Қордай ауданынан Дүкенбай Сегізбаев, Байзақ ауданынан  Төрехан Жұмабеков және спорт саласынан Гүлсім Ержанова Салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» медалімен марапаттлады. Салаға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен бірқатар кәсіподақ белсенділеріне Салалық және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамоталары табысталды.

Сондай-ақ, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласында еңбек етіп жүрген 60-қа жуық Тәуелсіздік құрдастары арнайы шақырылып, Жамбыл облыстық кәсіподақ филиалының Алғыс хатымен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара соңында жиынға қатысушылар арнайы жасалған мерекелік фуршет дастархан басында әңгіме-дүкен құрып, бір-бірін құттықтап, естелік суреттерге түсіп, тарқасты.