Кәсіподақтар федерациясы  Елбасын  ең жоғарғы наградасы – «Кәсіподақ Даңқы» алқасымен марапаттады және еңбегімен ерекшеленген  кәсіподақ өкілдеріне  мемлекеттік наградаларды табыстады

Кәсіподақтар федерациясында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өткізілді. Шара қатысушыларына арналған алғы сөзінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мерекенің мәні мен маңызына тоқтала келе, тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастырудағы  Елбасының рөлін атап өтті.

«Қазақстан Тәуелсіздікке бейбіт жолмен жетті, бірақ  тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыру оңай  болған жоқ. Тәуелсіздіктің тарихына көз салсақ,  еліміздің жүріп өткен кезеңдері мен қол жеткен толағай табыстарын көреміз.  Оның барлығы  Елбасының  салиқалы да салмақты саясаты мен мен ерен еңбегінің нәтижесі. Ол мемлекетті дамытудың жаңа жолын қалыптастырды»,-деді федерация төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің кәсіподақтары тарихындағы айрықша рөлін ескере отырып, Бас кеңес шешімімен Тәуелсіздік күні қарсаңында ең жоғарғы наградасы – «Кәсіподақ Даңқы» алқасымен марапаттағанын және  есімін Құрмет кітабына енгізгенін жеткізді.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Кәсіподақтар федерациясы Еңбек адамына лайықты өмір сүру жағдайларын жасауда ауыз толтырып айтарлық жетістіктермен жетіп отыр.  Бұл жетістіктерде бүгін осы салтанатты шараға жиналған сіздердің әрқайсыларыңыздың адал еңбекпен айшықталған қолтаңбаларыңыз бар.  Сіздердің күнделікті қажырлы еңбектеріңіз тәуелсіздікті нығайтуға қосқан  шынайы үлестеріңіз» ,-деді ҚРКФ төрағасы.

Салтанатты жиын кәсіподақ мүшелерін марапаттау рәсімімен жалғасты. Тәуелсіздік күніне орай ҚР Президентінің Жарлығымен кәсіподақтардың  21  өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды.

Сатыбалды Дәулеталин еңбегімен ерекшеленген кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділеріне және федерация қызметкерлеріне  «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Президенттің «Құрмет» грамотасы, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі, ҚР Премьер-Министрінің «Алғыс» хаты, Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалі, «Құрмет» грамотасы және Кәсіподақтар федерациясы төрағасының «Алғыс» хатын тапсырды.

«Құрмет» орденімен марапатталған  «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағы» «Құрылысмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіподақ комитетінің төрағасы Юрий Литвинов «сіздердің көпшілігіңіз мемлекетіміздің қалыптасуының бастауында тұрдыңыздар. Бұл қиын кезең болды, бірақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев таңдаған дұрыс жолдың арқасында біз жоғары нәтижелерге қол жеткіздік. Қарағанды ​​облысындағы алғашқы жұмысшылар одағы 1905 жылы пайда болды. Осы уақыт ішінде кәсіподақ қозғалысы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, бүгінде Кәсіподақтар федерациясы мен ел басшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болды» деді.

Президентінің Жарлығымен  «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Мұқашева   «бүгінгі марапат біздің жеке марапатымыз емес, саланың марапаты, салалық кәсіподақ қызметіне берілген жоғары баға. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы кәсіподақ мүшелерінің мүддесі мен құқығын әрқашан белсенді  түрде қорғайтын болады»,- дегенді айтты.

Осыдан 30 жыл бұрын Елбасымен бірге тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруға ат салысқан кәсіподақ көшбасшылары ел үшін сіңірген еңбектерін елегені үшін Кәсіподақтар федерациясының төрағасына ризашылықтарын білдіріп, тәуелсіздік жарияланған тұстағы естеліктерімен бөлісті.

Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 12 шақырылым депутаты ретінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік туралы»  конституциялық заңның қабылдануына ат салысқан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, бүгінгі Қазақстанды  қалыптастырудың  оңайға түспегенін еске алды.

«Мен ол кезде Жоғарғы кеңестің ұйымдастыру бөлімінде бас кеңесші болып жұмыс істейтінмін. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік туралы»  заңы түнгі сағат ондар шамасында қабылданды.  Жарты сағаттан соң далаға шықтым. Алматы қаласындағы Абылай хан мен Төле би көшелерінің жанына қуаныштан «тәуелсіздік» деп айғайлағаным әлі күнге есімде. 30 жылда біраз жетістікке жеттік. Ендігі мақсат –  тәуелсіздікті, тәуелсіздіктің тірегі – туған тілімізді сақтау»,- деді «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Бекбас.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін иеленген тағы бір кәсіподақ көшбасшысы, «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық   кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов та Елбасымен бірге тәуелсіз Қазақстанды құруға ат салысты. Ол «тәуелсіздікті жариялау процедурасы 2 жылға созылды. 1992 жылдан бері Елбасының қасында болып, елдің іргесін қаластым. 30 жылда біраз биікті бағындырдық. Сондықтан Елбасы салған сара жолды жалғастырумыз қажет. Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионға жуық адамның басын біріктіріп отырған еліміздегі ең іргелі ұйым. Біз осында жұмыс істейтінімізді мақтан етеміз» деді.

Тәуелсіздік күніне орай  ұйымдастырылған салтанатты шарада 38  кәсіподақ өкілі марапатталды. Мемлекеттік және Кәсіподақтар федерациясының наградалары еліміздің өзге өңірлеріндегі кәсіподақ көшбасшылары, белсенділері мен мүшелеріне де табыс етілді.