«Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» жұмыскерлері кеніш басында Ұжымдық шарт жобасын талқылады. Компаниядағы Ұжымдық шарттың талқылау жиналысына кәсіподақ ұйымы мүшелері және аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы бөлім басшысы Нұрбек Жапақов қатысты.
«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жергілікті кәсіподағының төрағасы Бақытжан Мұқашева Ұжымдық шарт жобасын жұмыскерлерге таныстырып, жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек жағдайлары бойынша келісім нормаларын түсіндірді.
Кездесу барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов жұмыскерлерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасындағы негізгі құжат Ұжымдық шарттың жасалуымен құттықтады.
«Жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек жағдайы бойынша тараптардың арасындағы Келісімнің жасалуымен құттықтаймын. Мұны Тәуелсіздік күні мерекесіндегі тамаша тарту-сый деп қабылдауға болады. Келісімге қол жеткізу – үлкен жетістік, кәсіподақ төрағасы Бахыт Мұқашеваның еңбегін атап өткім келеді», – деді Марат Бәйімбетов.
Жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында талқылауы ұзаққа созылған Ұжымдық шарттың жұмыскерлерге ұсынылған жобасы еңбек ұжымынан қолдау тауып, бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар, жұмыскерлердің көтерген кеніш басындағы өндірістік-тұрмыстық жағдай, спортпен шұғылдану мүмкіндігі, жұмысшылардың балалары демалысын ұйымдастыру сынды бірқатар жағдайлар бойынша келісімге қосымшалар жасалатын болды.