«Арселор Миттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымдарының мәселелері – ерекше бақылауда

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен «Арселор Миттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымдарының 2021 жылғы қарашада айтылған талаптарын орындау мәселесі бойынша кеңес өтті. Келісіліп қабылданған міндеттемелердің іске асырылу барысы туралы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов және «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев хабарлады.

Талқылау барысында туындаған ағымдағы мәселелер бойынша «кері байланысты» пысықтау бойынша шешім қабылданды, сондай-ақ Көмір департаментінің, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ компаниясының қызметтерінің басшыларына «Қорғау» көміршілер кәсіподағымен бірлесіп шахталарға бару және еңбек ұжымдарымен кездесу кестесін әзірлеу бойынша ұсынымдар берілді.

Кеңесте «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің жаңа директоры Арман Қалықов таныстырылды, ол осыған дейін Ленин атындағы шахтаның директоры болып жұмыс істеген. Келесі отырыста көмір кәсіпорындарының тау-кен жұмыстарын одан әрі дамыту жоспарлары бойынша мәселелерді қарау жоспарлануда.