Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесімен ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлерін мекеме басшысы Кеңес Канадбаев және Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалы төрағасы Тұрақбай Сүлтанғалиев құттықтап, еңбек ұжымын салалық медальдар, төсбелгілер және Құрмет грамоталарымен марапаттады.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлері – Байғанин аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Нұрбек Тлеубергенов және бас маман Әлібек Бозжігіт, Мұғалжар аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Даурен Жақсығали, Ойыл аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Өркен Кожагалиев, Ырғыз аудандық аумақтық инспекциясы бас маманы Манас Ыбыраев алғыс хаттармен марапатталды.
Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласына қосқан елеулі еңбегі және қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін Салалық кәсіподақтың мерейтойлық медалі облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Убайдолла Әуелбаев, Ақтөбе қалалық аумақтық инспекциясы басшысы Жанболат Сатыбалдин, шекара маңындағы бекеттерді бақылау бөлімі бас маманы Сисенбай Ерсарин, Байғанин аудандық аумақтық инспекциясы бас маманы Арайлым Тулеугаринаға табысталды.
“Салалық кәсіподақ тарапынан өзіміздің бастауыш ұйым мүшелеріне ұдайы көңіл бөліп тұрамыз. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығында ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, жастарды отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа баулып жүрген үздік еңбеккерлерімізге құрмет көрсеттік. Еңбек адамының мерейін көтеру, оған лайықты қолдау жасау – біздің ұстанымыз”, – деп атап өтті Салалық кәсіподақтың Ақтөбе филиалының төрағасы Т.Сұлтанғалиев.