«Қуат-Амлон Мұнай» біріккен кәсіпорнында жұмыскерлердің наразылық талаптары бойынша жиналыс өтті

«Қуат-Амлон Мұнай» біріккен кәсіпорнының компания басшылықтары мен жұмыскерлер өкілдері арасында онлайн байланыста жиналыс өтті. Жиналысқа Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Алтынхан Искакова қатысты.

Компанияның бас директоры Сун Хуайюй, бас директор орынбасары Лю Гуанфэн жұмысшылардың жалақыны көбейту туралы талаптары бойынша нақты шешім қабылданбағандығын, мәселені 2022 жылы қаңтар айында қарауды, ол бойынша Жол картасы дайындалуы, жаңа Ұжымдық шарт жобасын талқылауды жаңа жылдың 5 қаңтарынан бастауды ұсынды. Мұнай компаниясының жергілікті кәсіподақ ұйымы төрағасы Айбек Әбдреев жиналысқа қатысушылар мен компания басшылығы назарын жұмыскерлердің талаптары бойынша жалақыны көбейту мәселесі ең өзекті екендігіне және жұмыскерлердің наразылық білдіруі белгіленген ертеңгі күннің жауапкершелігіне аударуды сұрады.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов кәсіпорынның тұрақтылығы мен еңбек шиеленісінің шешімін табуы бойынша шұғыл түрде шара қабылдануы туралы өз ұсыныс-пікірін білдірді. Кәсіпорынның Қоныс-Бектас кен орыны директоры Жасұлан Дүйсенбаев компания басшылығынан 22 желтоқсанда вахталық қалашыққа келіп, жұмыскерлердің наразылық білдіруі жағдайын назарға алуды сұрады.

Естеріңізге салсақ, компания жұмыскерлерінің жалақыны көбейту туралы жұмыс берушіге қойған талаптары жыл басынан өзектілігін жоғалтпай келеді, мәселе аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұсынысымен бірнеше рет облыстық үшжақты комиссия отырыстарында облыс әкімі Г.Әбдықалықова төрағалығымен қаралды. 9 желтоқсанда компанияның 300-ден аса жұмыскерлері қатысқан жалпы жиналыс шешімімен жұмыскерлер тиісті орындар мен жұмыс берушіге 22 желтоқсан күнінен бастап талаптары орындалмауына байланысты аштық жариялап, наразылық білдіретіндіктері туралы хабарлаған болатын. Қазірде әріптестермен әлеуметтік еңбек шиелінісін болдырмау бағытында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.