Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз Тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі – 30 жыл. Тәуелсіздік құндылығы ел жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білу керек. Ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымында екендігін жақсы білеміз.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Осындай ұстаздарымыздың бірі – Қарлыға Шапатова. 1984-1989 жылдар аралығында Алматы шет тілдер педагогикалық институтының француз және неміс тілдері факультетінде оқыған. 1986 жылы 16-17 желтоқсанда Алматы қаласы бұрынғы астанамыз қазіргі бас қаламызда мыңдаған қазақ жастарымен бірге наразылық білдіріп, бейбіт шеруге шыққан. Өзге жастармен бірігіп «Менің Қазақстаным» әнін ту етіп шырқаған.
«Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы» дегендей, өз кәсібіне шын берілген, өз мамандығының шебері – Қарлыға Шапатова бүгінгі білім мен білік, бәсекелес заманында ұландардың биіктен көрінуіне қызмет атқарып келе жатқанына 32 жыл болды. Алғаш еңбек жолын 1989 жылдан бастаған. Құйған орта мектебінде француз тілінен, 1992 жылы Топтерек негізгі орта метебінде неміс тілінен сабақ берсе, 2013 жылдан бері Күршім №1 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келеді. Білімі жоғары, бірінші санатты мұғалім. Ол еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепшілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайды. Сонымен қатар, ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын, білім мен тәрбиені ұштастырған ұстаз ғана емес, ол төрт баланың анасы, аяулы жар.