Ұстаздар “Жыл есімі – 2021” шарасын жоғары дәрежеде өткізді

Биылғы жылы еліміздің егемендігінің мерейлі 30 жылдығы тойлануда. Осы айтулы күнді Казталов мектеп-лицейі ұжымы арасында насихаттау және атап өту мақсатында мектеп әкімшілігі мен мектепішілік кәсіподақ ұйымының ұйымдастырумен “Жыл есімі – 2021” шарасы өткізіліп, 16 номинация бойынша ұстаздар марапатталды.

Аталған шарада алғаш сөз алған мектеп директоры Нұрлан Әділбекұлы барша ұжымды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтай отырып, мектеп өміріне өз қолтаңбасын қалдырып жүрген әріптестеріне ризашылығын білдіріп, марапат иелеріне шығармашылық табыс тіледі.

Мектепте алғаш өткізіліп жатырған “Жыл есімі – 2021” үздіктерін марапаттау кешінің бір ерекшелігі — білім мен тәрбие, спорт пен өнер, еңбек пен тәжірибе бағыттары бойынша мектеп ұстаздарымен қоса кіші қызметкерлер де марапат иесі атанды.

Білім ордасының бастауыш кәсіподақ ұйымының шараны ұйымдастырудағы басты мақсаты – ұжымның еңбекке құлшынысын арттыра отырып, мерекеге орай құрмет көрсету.

Кеш барысында мектеп ұстаздары әннен шашу шашып, шараның көркін қыздыра түсті. Әсерге толы кештің куәсі болған ұстаздар ерекше көңіл-күйде тарқасты.