22 желтоқсанда «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорнының жұмыскерлері Қоныс-Бектас кен орнында жұмыс берушіге жалақыны көбейту туралы сұраныстарына сәйкес наразылық білдірді.
Кен орнына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы бөлім басшысы Нұрбек Жапақов, компания басшылықтары барып, жұмыскерлермен кездесті.
Заңнамаларға сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тараптардың келісімге келуі туралы ұсыныстар білдірілді. Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетовтің ұсынысымен Татуластыру комиссиясы құрылып, тараптар арасында келіссөздер жүргізу басталды.
Еске салсақ, компания жұмыскерлері жұмыс берушіге жалақыны көбейту туралы сұраныстарын білдірген, бүгінгі таңға сұраныс-талаптары компания басшылығы тарапынан қанағаттандырылған жоқ. Туындаған мәселеге байланысты әлеуметтік әріптестер бірлесіп, тұрақтылық пен келісім қағидаты бағытында жұмыс атқаруда, қазірде кәсіпорында еңбек ұжымы тұрақты қалыпта жұмыс жасауда.