Марапаттар табыс етілді

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ көшбасшылары мен сала белсенділерін марапаттады.

Мерекелік шарада 100-ден астам кәсіподақ мүшесі Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы, облыстық кәсіподақ пен білім басқармасының бірлескен алғыс хатымен марапатталды.

Атап айтар болсақ, Әйтеке би ауданы Талдысай орта мектебінің директоры, физика және информатика пәндерінің мұғалімі Сәулеш Біртаева, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлмира Нукеева, Мәртөк ауданы №2 мектеп-гимназиясының директоры Бақытгүл Абдуллина «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды.

Салтанатты жиында, сондай-ақ, «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» республикалық байқауының облыстық кезеңінің бас жүлде иегері, республикалық байқауда екінші орынға ие болған Мәртөк ауданы №2 мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымына жүлде табыс етілді.

Барлық марапат иелеріне облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Үздік кәсіподақ мүшелеріне шипажайға жолдама табысталды.