Атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратының мәжіліс залында жаңа жыл мерекесі қарсаңында арнайы жиын өтті. Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, салалық кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ активі қатысты. Жиынды «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі жүргізіп отырды.

Отырыстың күн тәртібі аясында Бердіғали Өмірәлі 2021 жылы кәсіподақ саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, салалық кәсіподақ төрағаларының жұмыстарына оң бағасын берді.

Сонымен қатар, барша қатысушыларды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы алуды тілеп, ел игілігімен дамуы жолында аянбай еңбек етіп, еселі үлесін қосып жүрген қос ардагерге құрмет көрсетті.

Атап айтқанда, мерейлі 70 жасқа толуына орай Қазақстан Республикасы мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетовке ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Құттықтау хатын жеткізді.

Сондай-ақ, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен еліміздің мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан белсенді кәсіподақ еңбек ардагері Абубакиров Сыдық Пернебекұлына «Ел ардақтысы» төсбелгісі мен «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің дипломын табыстады.