Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде елде қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіреді және тұрақтылық пен қоғамдық тәртіптің сақталуы, іс-әрекеттердің заң аясында жүзеге асырылуы мен бейбітшілік пен келісімнің сақталуын қолдайды.
Соңғы оқиғалардың негізгі себептері қатарында жалпы халық табысының төмендігі, азаматтардың еңбек ету құқығы толыққанды қамтамасыз етілмеуі және әлеуметтік диалогтың тиісті дәрежесінде болмауы деп есептейміз.
Осыған байланысты Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру үшін келесі жүйелі шаралар қабылдау керек:
– еңбекақы төлеу жүйесін, еңбек және кәсіподақ заңдылықтарын жетілдіру арқылы еңбек етудің лайықты шарттарын, жұмыс орындарын сақтау және жаңа орындарды ашуды қамтамасыз ету, еңбек заңдылықтарын сақтауда мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту;
-Халықаралық еңбек ұйымының №131 “Ең төменгі еңбекақыны белгілеу туралы” және №102 “Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы” конвенцияларын шұғыл ратификациялау;
– әлеуметтік әріптестік жүйесін реформалау және «Әлеуметтік әріптестік туралы» жаңа Заң қабылдау арқылы Үкімет, жұмыскерлер бірлестіктері мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің арасындағы шынайы әлеуметтік диалогты қамтамасыз ету;
– азаматтық қоғамның институттарының рөлін күшейту.
Біз бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігері ғана Қазақстанда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын алға бастыру және еңбек адамына лайықты жағдай жасауды қамтамасыз етудің негізі бола алатынына сенімдіміз.
Қазақстан Республикасы
Кәсіподақтар федерациясының
Атқару комитеті,
2022 жыл, 07 қаңтар