Ақтөбе облыстық АКБ төрағасы Алтынбек Әмірғалиев: “Барлық мүмкіндіктер Әлеуметтік кодексте қарастырылмақ”

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған мәлімдемесіне қатысты өз ойын білдірді.

«Мемлекет басшысы елдегі жағдайға толық сараптама жасады. Біз кәсіподақ өкілдері ретінде ең алдымен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқымды реформаларға қолдау танытамыз. Әлеуметтік кодексті әзірлеуге өз тарапымыздан ұсыныстарымызды жеткізе аламыз. Қарапайым еңбек адамдарының табысын жақсарту, жалақысын көтеру, ал-ауқатын арттыруға арналған барлық мүмкіндіктер Әлеуметтік кодексте қарастырылмақ.

Мәселен, Ақтөбе облысында біз мұнай сервистік компаниялар мен ірі өндірістік кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың еңбек құқығының қорғалуы аясында көптеген кездесулерге қатысып, олардың жалақыны көтеруге қатысты талаптарын шешуге мейлінше атсалысып, ашық диалог орнатуға араласып келеміз.

Әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жайын қарастырудамыз. Биылғы жылды ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялап, үшжақты келісім аясында еңбек адамының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жасартуға бағытталған Президент көтерген бастамаларды нақты іске асырмақ», – деп өз ойын жеткізді кәсіподақ төрағасы.