Күшіміз – бірлікте!

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова “Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі бізге зор сенім, ерекше жігер сыйлады”, – деп ерекше атап өтті.

“Президент мемлекет дамуының жаңа белестерін белгілеп, билік алдына маңызды міндеттер қойды. Әдеттегідей, білім саласы да назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Кемелұлы сапалы білім – мемлекет дамуының маңызды факторы екенін айтты. Мектептердің материалдық базасын қанша нығайтқанымызбен, білікті мамандарсыз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі», – деді Президент. Сондықтан өңірлерге үздік педагогтарды тарту бағдарламасын әзірлеу туралы пәрмен берді.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, елімізде Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылатынын мәлімдеді. «Жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе болып қалуда. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің сөзінше, 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет.

Ел Президентінің әрбір тапсырмасы нақты жүзеге асатынына кәміл сенеміз. Өйткені, соңғы жылдары білім саласы елеулі реформалармен көптің көңілінен шығып келеді. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», – деп Мағжан Жұмабаев айтқан еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасындағы осы сөзді қайта тірілтіп, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Осы ретте Ақтөбе облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы педагогтардың еңбек құқықтарын қорғау, мұғалім мәртебесін өсіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Мемлекет басшысы айқындап өткен мәселелер бойынша еселі еңбек етіп, қуатты Қазастанды бірге құруға өз үлесімізді қосамыз”.