Еңбеккерлермен ұтымды диалог орната білді

Ақтөбе облысындағы Жаңажол және Кенқияқ мұнай кеніштері орналасқан аумақтағы «СНПС-АқтөбеМұнайГаз» АҚ қарасты мұнай-газ өңдеу зауытының жұмысшылары мен кеніштегі еңбеккерлер өз талаптарын білдіріп, бейбіт түрде талаптарын жеткізген еді. Екі мыңнан астам жұмысшымен кездесуге Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен еңбек инпекциясының басшысы Абдухат Мырзалин және «СНПС-АқтөбеМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары және АҚ жұмыскерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Жанжарық Күзембаев пен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Кездесу барысында мұнайшылар өздерінің толғандырған басты төрт талабын жеткізді. Атап айтқанда, мұнайшылардың жалақысын 100 пайызға көтеру, мұнайлы өңірдің экологиясы мәселесін жақсарту, Саға, Жағабұлақ, Кенқияқ, Саркөл, Жаңажол ауылдарының тұрғындарын жұмысқа алу, сырттан жұмыс күшін тартпау, ереуілге шыққандарды қудаламау талаптарын қойды.

Аумақтық бірлестік төрағасы А.Әмірғалиевтың тікелей қатысуымен оқиға шиеленіспей, жұмыс берушілермен, бастауыш кәсіподақ мүшелерімен өзара ашық диалог алаңында келіссөздер жүргізу арқылы оңтайлы шешім табылды. Кездесу нәтижесінде тараптар өзара келісімге келіп, хаттама жасады. Осы хаттамада жоғарыда айтылған төрт мәселенің нақты шешімін табуға жұмыс берушіге 1 ай мерзімде уақыт белгіленді.

«Әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақтардың белсенділігімен Ақтөбе өңіріндегі осы мұнай компаниясы жұмысшыларының талаптарын оң шешуге жұмыс беруші тарап өз мүмкіндіктерін қарастыруға міндеттеме алды. Нәтижесінде өндірісте жұмыс тоқтаған жоқ. Тараптар өзара келісімге келді», – деді Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев.