Өңірлік кәсіподақ ұйымдары басшыларының қатысуымен үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының төрайымы А.Есекенова елімізде орын алған соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қазақстан Республикасы Президентіне жасаған үндеуі туралы айтып өтті.
“Кәсіподақтар әркез еңбек адамына лайықты еңбек шарттарын ұсыну жолдарына бағыт-бағдар көрсетуде алдыңғы шепте. Бұл жолы да ең төменгі еңбекақы мөлшерін өсіре отырып, тұрғындарға тұрақты жұмыстар ұсынып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болу мақсатында өз ұсыныстарымызды жеткіздік”, – деді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы.
Жиынның күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының жасаған мәлімдемелерін талқылау әрі ұсыныстар беру, «2022 жыл «Әлеуметтік әріптестік жылы» аталуына орай өткізілетін іс шаралар туралы, террористік әрекеттер орын алған қалалардағы тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында 1 күндік еңбекақы көлемінде көмек көрсету сұрақтары талқыланды.
Жиналыста қатысушы салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары С.Сүлеймен, А.Давлетжанов, М.Кусаинов аталған мәселелерге қатысты пікірлерін білдіріп, жазбаша түрде ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес кәсіподақ саласының ілгерілеу жолындағы жұмыстарының жаңа бағытта дамуы үшін өз ұсыныстарын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына жолдайды.