Ақтөбе облысында Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінде Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онлайн өткен отырысқа Үйлестіру кеңесінің мүшелері мен салалық және жергілікті кәсіподақ жетекшілері қатысты.

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған мәлімдемесінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттер қойылғанын атап өтті.

Кеңес мүшелері ҚР Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа Үндеуіндегі мәселелерді талқылап, ұсынылған ұсынымдарға байланысты бірауыздан қолдау білдірді.

Облыстық кәсіподақтардың Үйлестіру кеңесі халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру, еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленістің алдын алу бойынша пікірлерін ортаға салып, пысықтады.

Аталған мәселелер бойынша ұсыныстар Кәсіподақтар федерациясына жолданады.

Сонымен қатар, отырыста «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында өткізілетін іс-шаралар жоспарына ұсыныстарды талқылау жайы да айтылды.