Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығында құқықтық мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау өткізілді.
Азаматтардың кәсіподақтардың татуластыру орталығына жүгінетін мәселелерінің ауқымы әртүрлі: бұл еңбек, неке-отбасы, жер, тұрғын үй заңнамасымен реттелетін еңбек саласына және аймақ азаматтарының өмір сүру салаларына қатысты мәселелер, атқарушылық іс жүргізу мәселелері.
Павлодар қаласы Жеңіс алаңы 3, 2а кабинет мекен-жайы бойынша жүгінген әрбір адам заң көмегін, қолданыстағы заңнама нормалары бойынша консультация алады, даудың (дау-шардың) екі тарапы келіскен кезде кәсіби медиатор медиация туралы кейіннен келісім жасай отырып, медиация рәсімін жүргізеді, бұл азаматтар үшін кез келген дауды сотқа жүгінбей шешуге және медиатордың қатысуымен қабылданған уағдаластықтарды ерікті түрде орындауға мүмкіндік береді.
Өтініш баланың тұрғылықты жерін анықтау мәселесі бойынша неке-отбасы заңнамасын реттеу саласында қаралды. Мәселені медиацияны қолдана отырып, бейбіт жолмен шешу “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің 73-бабының 2-тармағында тікелей бекітілген: ата-аналары бөлек тұрған кезде баланың тұрғылықты жері мен заңды мекен-жайы ата-аналарының келісімімен белгіленеді. Келісім болмаған кезде ата-аналар арасындағы дау баланың мүдделерін негізге ала отырып және оның пікірін ескере отырып, ата-аналардың талабы бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен медиация тәртібімен немесе сот арқылы шешіледі.
Бұл ретте сот баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-інілеріне және апа-сіңлілеріне (қарындастарына) деген сүйіспеншілігін, баланың жасын, ата-аналардың адамгершілік және өзге де жеке қасиеттерін, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасындағы қатынастарды, баланың дамуы мен тәрбиеленуі үшін жағдай жасау мүмкіндігін (ата-аналардың қызмет түрін, жұмыс режимін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да осындай жағдайларды) ескереді.
Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Татуласу орталығының» медиаторы М.Иванова баланың ата-аналарымен баланың тұрғылықты жерін ғана емес, сонымен бірге бөлек тұратын ата-ананың баласымен қарым-қатынас жасау тәртібі мен уақытын анықтайтын Медиация туралы келісім жасасу мүмкіндігі туралы әңгіме өткізді. Татуластыру орталығына жүгінген адамдар даулы жағдайды түпкілікті шешу үшін жоғарыда аталған барлық мәселелер бойынша кәсіби медиатордың қатысуымен уағдаластыққа қол жеткізуі қажет.
Кәсіподақтардың бітімгерлік орталығында құқықтық кеңес беру және медиация рәсімі бойынша барлық қызметтер ақысыз негізде көрсетіледі.