«Табысты адам – гүлденген Қазақстан» тақырыбында диалог алаңы өтті

2022 жылғы 20 қаңтарда Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева және «ПМХЗ» ЖШС операторы Азамат Рахымжанов «Табысты адам – гүлденген Қазақстан» тақырыбында диалог алаңында Павлодар қаласының №43 ЖОМ 9-сынып оқушыларымен кездесті.

Спикерлер оқушыларға өздерінің еңбек жолдары, таңдаған мамандықтары, жұмысшы мамандықтарының қажеттілігі туралы айтып берді.

Г. Атабаева «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жұмысқа орналастыру бойынша қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың ережелерін түсіндірді.

«Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы 29 жастан аспаған жастарды қолдау үшін алғаш рет жұмыс іздеп жүрген колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. Артықшылық көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектерге беріледі. Жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен қызметкердің бірінші жұмыс жылы үшін 20 АЕК мөлшерінде ай сайынғы еңбекақысын субсидиялай отырып, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемінде 24 ай тұрақты жұмысқа орналастыру жөнінде шарт жасасады. Орындалатын жұмыстың көлемі мен күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақы белгілейді.

«Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы үміткерді мемлекет субсидиялайтын орынға 6 айға дейін жалақымен жұмысқа қабылдайды. Тағылымдама барысында үміткерге 20 АЕК көлемінде жалақы төленеді. Тағылымдама аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлікке шығатын адамның босаған лауазымына сәйкес тұрақты жұмысқа үміткерді қабылдайды.

А.Рахымжанов өзінің еңбек жолының тарихымен бөлісті, қажетті жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтты.

Кездесу мектеп түлектерінің болашақ еңбек жолын таңдауға арналған бастапқы алаң болды.