Ауданда кәсіподақ жетекшілері есеп берді

Ақтөбе облысы Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының есеп беру жиналысында аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлмира Ізбағамбетованың есебі тыңдалды.

Кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы – ұжымдық келісімшарт. Қолданыстағы келісімшарттар Еңбек кодексіне сай жұмыс берушілер мен кәсіподақтар тарапынан қаралып, өзіндік талаптары мен шарттары бекітілді. Қызметкерлер мен олардың балаларын сауықтыру, марапаттау, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуына әркез қолдау көрсету жұмыстары жолға қойылды. Ұжымдық шарт негізінде білім қызметкерлерінің жалақылары уақтылы төленіп, кезекті еңбек демалысы, сауықтыру жәрдемақысы дер кезінде беріледі. Ұстаздар каникул уақытында шипажайларда демалып қайтады.

Аудандағы білім мекемелеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы өз ұжымдарында тұрақтылықты қалыптастырып, ыңғайлы орта құруда басты рөл атқарып отыр. Аудандық кәсіподақ ұйымының көмегімен әр кәсіподақ мүшесіне құқықтық, материалдық қолдау көрсетіліп келеді. Биыл білім беру мекемелері мен ұйымдарында еңбек нормаларының сақталуына байланысты 25 қоғамдық бақылау мен тексеру жүргізіліп, орын алған заңбұзушылықтарға ескертулер берілді.

Есеп беру жиынына қатысқан әлеуметтік әріптестер мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары ұжымдары атынан Ойыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.