Алға және Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының 2021 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, оффлайн форматта ұйымдастырылды. Жиынға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, әлеуметтік әріптестер қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, алдымен кәсіподақ көшбасшылары өткен жылы жасалған жұмыстар туралы баяндады. Білім мекемелеріндегі әлеуметтік әріптестік келісімнің, ұжымдық шарттардың орындалуы, ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін , еңбек қауіпсіздігі, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру және қолдау бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделі, олардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында орындалатын міндеттер сөз болды.
«Жыл сайын бастауыш кәсіподақ ұйымының көшбасшылары мен техникалық инспекторларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен семинарлар өткізіледі. 2021 жылы республика көлемінде 9, облыс көлемінде 14 семинар-кеңес өткізілді», – дейді Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Есімхан Шымқаев.
Кәсіподақ қызметінің негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Осы бағытты ұстанған аудандық кәсіподақ ұйымдары жыл бойы білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғап, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстап отырды.
Мысалы, Мұғалжар аудандық білім кәсіподағына өткен жылы педагогтардың тарапынан 50-ге тарта өтініш-арыз түскен. Магистрлерге қосымша ақы төлеу, декреттік демалыстан кейінгі еңбек демалысын есептеу, балабақша меңгерушісінің жұмыс кестесін реттеу сияқты сұрақтарға облыстық кәсіподақ заңгерлерінің көмегімен нақты жауаптар беріліп, мұғалімдердің мәселесі толығымен шешімін тапқан. Балабақша, интернат медбикелері мен алғашқы даярлық пәнінің мұғалімдеріне тиесілі үстеме ақылары өндірілді.