Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Айтжанова облыстық мәслихат депутаттарының құрамында “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ Павлодар оқу-өндірістік кәсіпорны” ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорын өнімнің сан алуан түрлерін шығарады: жеке қорғаныш құралдары/аралас қолғаптар, брезент, мақта-мата, жұмыс қолғаптары, арнайы киім/жұмысшыларға арналған костюмдер, халаттар, медициналық киімдер (халаттар, хирургиялық костюмдер, қалпақтар, бахилалар), нысанды киім-кешектің барлық түрлері, сигналдық кеудешелер, төсек-орын жабдықтары/төсек жабдықтары, жаялықтар, сүлгілер, көрпелер, матрацтар, балаларға арналған төсек-орындар, сөмке-шопперлер.
Кәсіпорында 80 адам жұмыс істейді, қызметкерлердің 60%-ы көру қабілеті бойынша мүгедек болып табылады.
Қоғамның басшылығы мен қызметкерлері өнімді өткізу мен іске асырудың төмен көрсеткіштеріне алаңдаулы, кез келген күрделі және үлкен көлемдегі тапсырыстарды орындауға дайын.
Қоғамның Павлодар филиалының басшысы Арғынғали Бердиев “Nur Otan” партиясының облыстық филиалына көмек сұрап жүгінді: қоғамның қызметіне және шығарылатын өнімге назар аудару, тұрақты өткізу нарығын табу қажет – сатып алушылар өнеркәсіптік кәсіпорындар, балабақшалар, ауруханалар болуы мүмкін. Әзірге олардың бір сенімді және тұрақты тапсырыс берушісі бар – “Қазақстан алюминийі”АҚ.
“Қоғам бөлшек сауданы кәсіпорында арнайы ашылған дүкенде жүзеге асырады, инстаграм арқылы интернет сатуды дамытуда. Өнімдер бәсекеге қабілетті, сапасы мен түсі жақсы материалдардан жасалған, заманауи үлгілер, баға көрсеткіші жоғары емес.
Қоғам көмекке мұқтаж, өйткені мұнда зағип адамдар үшін жұмыс орындары құрылған, бұл оларға еңбекте өмірдің мәні мен үмітін сыйлайды. Өткен жылдары қоғам 500-ге жуық жұмыс орнын ашты”, – деді А.Бердиев.
Облыстық мәслихат депутаттары – кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары, сондай-ақ Павлодар Күзет агенттігі бұл бастамаға үн қосып, өнім жеткізуге шарттар жасасты.