2022 жылғы 24 қаңтарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасының Павлодардағы филиалы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымымен бірлесіп, құқықтық мәселелер бойынша онлайн-қабылдау өткізді.
Онлайн форматта кәсіподақ мүшелері – білім беру саласының қызметкерлері Павлодардағы ҚРКФ Заң клиникасы филиалының басшысы М.Ивановаға және “Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы” ҚБ бас маманы Г.Жаркеноваға қойылған сұрақтарға жауап алды.
1. Педагог қай ұйымдарда біліктілікті арттыру курстарынан өте алады және ол қандай құқықтық актімен реттеледі?
“Педагог мәртебесі туралы” ҚР Заңының 18-бабының 1-тармағына сәйкес педагог бұрын алған кәсіби құзыреттерін қолдау және дамыту мақсатында біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, оларды өту тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Педагогтердің біліктілігін арттыру – оқыту мен білім берудің сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіптік білімдерін, іскерліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны.
Педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған ұйымдардың тізбесі “Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ педагог қызметін курстан кейінгі сүйемелдеу қағидаларын бекіту туралы” ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №95 бұйрығымен реттеледі.
Тізбеде көзделмеген ұйымдарда біліктілікті арттыру курстарынан өту есепке алынбайды.
2. Демалыс кезінде мұғалімдердің жалақысы қалай есептеледі?
“Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы” ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының №4 қосымшасының 2 тармағына сәйкес оқушылардың күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулдары кезеңіндегі жұмыс уақыты үшін педагогтердің еңбегіне ақы төлеу каникул басталар алдындағы тарифтеу кезінде (қосымша ақыларды ескере отырып) белгіленген жалақы есебінен, нақты жүктемені ескере отырып жүргізіледі.
Бұдан басқа, 2021-2023 жылдарға арналған салалық және облыстық деңгейде білім және ғылым саласының қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге сәйкес тараптар оқушылардың күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулдары кезеңіндегі жұмыс уақыты үшін педагогтердің еңбегіне ақы төлеу каникул басталар алдындағы тарифтеу кезінде белгіленген жалақы есебінен жүргізілетінін негізге алады.
Каникул кезеңінің ұзақтығы жалақыны есептеуге ешқандай әсер етпейді.