Кәсіподақ көшбасшылары азаматтардың әл-ауқатын арттыру бойынша жаңа қадамдарды талқылады

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында ҚРКФ Бас кеңесі мүшелерінің және еліміздің өңірлері мен барлық салалардан кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің қатысуымен әлеуметтік-еңбек саласының мәселелерін талқылау бойынша кеңейтілген отырыс өтті.

Кездесу барысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында жария еткен еңбекақы жүйесін сапалы жетілдіру бойынша кәсіподақ ұйымдарының жиынтық ұсыныстары талқыланды.

Талқылаудың алдында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысушылардың назарын әлеуметтік-еңбек саласын жетілдіру және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру бойынша жүйелі шараларды әзірлеу мәселелерінің өзектілігіне аударды.

«Ел Президентінің жаңа экономикалық саясатты енгізу жөніндегі бастамалары – елімізде орын алған «қайғылы қаңтар» оқиғалары аясында бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы атап өткендей, 7 қаңтарда Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитеті Қазақстан Республикасы Президентіне Үндеу жариялады, онда кәсіподақтардың жаппай наразылықтардың себептері мен әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жүйелі шаралар туралы ұстанымы көрсетілген.

Еңбекақы төлеу жүйесінің түйткілді мәселелеріне тоқталған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы жалақыны инфляция деңгейінде жыл сайынғы индекстеуді міндетті заңнамалық бекіту қажеттілігі туралы мәселені бірнеше рет көтергенін атап өтті.

«Республикалық үшжақты комиссия отырысында айтылған ұсыныстар, ең алдымен, халықтың табысын арттыру мәселелеріне қатысты. Ұжымдық-еңбек шарттарын талдау ұжымдық шарттардың тек 10% индекстеу мәселесін қамтитынын көрсетті. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 157-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібін енгізу міндетті ереже емес, тек мүмкіндік болып табылады. Іс жүзінде көп жағдайда кәсіподақтар үшін ұжымдық шартта бұл норманы қарастыру мүмкін бола бермейді. Бұл жағдай қарапайым еңбеккерлердің мүддесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Бұл ретте ол жұмыс берушінің жұмыскерлердің пікірін ескермеуі әлеуметтік даудың өршуіне көп ықпал еткенін баса айтты.

«Жұмыс беруші еңбек консультацияларын өткізуге, лайықты еңбек мәселелерін шешуге міндетті. Заңнамаларды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының құрамында біз бұл шараларды міндетті түрде ескеретін боламыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева ҚРКФ ұсыныстары пакетін қалыптастыру жұмысының барысы туралы айтты.

Оның айтуынша, еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды жақсарту бойынша ұсыныстар 19 салалық кәсіподақ және 14 аумақтық кәсіподақ бірлестігінен түскен.

«Мүше ұйымдардан түскен ұсыныстар, ең алдымен, еңбекақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі, қауіпсіздік және еңбекті қорғау, сақтандыру төлемдері, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы мөлшерін арттыру, ерекше еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің зейнеткерлік жасын төмендету, әлеуметтік әріптестікті дамыту, ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау және еңбек және кәсіподақ заңнамасын жетілдіру мәселелерін қамтиды», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

ҚРКФ төрағасының орынбасары атап өткендей, кейбір ұсыныстар айрықша, салалық сипатта және қосымша қарауды қажет етеді.

«Кәсіподақтар федерациясы Еңбек кодексіне жалақыны индекстеу, басшылар мен қатардағы жұмыскерлер жалақысының арақатынасының шекті деңгейін белгілеу, ең төменгі жалақыны, еңбекақы жүйесін, еңбекақы төлеу тәртібін, ұжымдық шарттың мазмұнын, жұмыскерлердің кәсіпорынды басқаруға қатысуын белгілеу бөлімінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бірқатар ұсыныстар енгізді», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Отырысқа қатысушылар ҚРКФ бастамаларына қолдау білдіріп, олардың тиімділігі мен уақтылылығын атап өтті.

«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов жалақыны индекстеу мәселесін заңнамалық реттеу деңгейіне ауыстыру шараларының маңыздылығын атап өтті.

ССТКБӨБ және өндірістің тектес кәсіпорындары кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Шерстобитова индекстеу мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігі туралы пікірін білдірді.

«Уақыт жаңа талаптар қоюда. Жұмыс беруші тарапынан түсіністікке қарамастан, ұжымдық шарт бойынша жұмыс істеу барысында еңбекақы төлеу мәселелері жұмыс берушінің келісімімен ғана реттеледі. Индекстеу сияқты мәселелерді заң жүзінде бекіту керек», – деп есептейді Татьяна Шерстобитова.


Сондай-ақ, «Машина жасаушылардың салалық кәсіподағы» ҚБ заңгер-кеңесшісі Әнуар Айтмурзин еңбекақыны индекстеу мәселесін ұжымдық шарттар деңгейінде реттеудің тиімсіздігін атап өтті.

«Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразбек Бекбас Кәсіподақтар федерациясы халықты толғандырып жүрген ең өзекті мәселелерді көтеріп жатқанын атап өтті. Бұл ретте ол Салалық келісімде айқындалған разрядаралық коэффициенттердің мәндерін бекіту функциясын Үкіметтің құзыретіне беру туралы ұсыныс жасады.

«Желтоқсан айында біз энергетика саласындағы Салалық келісімді қабылдадық. Жұмыс берушінің өкілімен келіссөздер барысында разрядаралық коэффициенттің мөлшері туралы мәселені толық көлемде шешу мүмкін болмады. Нақты сектордағы разрядаралық коэффициентті Үкімет бекітуі қажет деп санаймыз», – деді Оразбек Бекбас.


«Қазақкәсіпметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы» ҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Михаил Литошенко жұмыс берушінің актілерін шығару процесінде кәсіподақтардың рөлін күшейтуге бағытталған шаралар қабылдауды ұсынды.

«Қолда бар тәжірибені ескере отырып, Еңбек кодексінің 12-бабында жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескеру тәртібін қарастыру қажет», – деп атап өтті Михаил Литошенко.

Осындай сипаттағы ұсынысты «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Қалиев айтты.

«Еңбек кодексіне жұмыс беруші әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты актілерді қабылдаған кезде кәсіподақтардың пікірін ескермейді, кәсіподақтармен келіседі деген норманы қайтаруымыз керек. Бұл – кәсіподақтардың негізді міндеті», – деп атап өтті Сұлтан Қалиев.

Ол ҚРКФ ұсыныстары еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін толық көрсететінін атап өтті.

«Заңнамалық индекстеумен қатар жүруі тиіс жалақының артуы халық табысының нақты өсуіне әкеледі. Кәсіподақтардың өндірісті басқаруға қатысуы да маңызды. Біз еңбек қауіпсіздігіне, қызметкерлерді оқытуға және т.б. қандай қаражат жұмсалатынын білуіміз керек. Бүгінде әлеуметтік әріптестік туралы жаңа заңның қажет екені айдан анық. Біз кәсіподақтардың заң шығару бастамасын «Кәсіподақтар туралы» заңға қайтаруымыз керек», – деді Сұлтан Қалиев.

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының құқықтық мәселелер және медиация жөніндегі маманы Батырбек Нұрпейісов жалақыны индекстеу қажеттілігі туралы пікірімен бөлісті.

«Жалақы – әлеуметтік маңызы бар санат. Мемлекет жалақыны индекстеуге кепілдік беруі үшін жалақыны индекстеуді еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар құрамына енгізуді ұсынамыз. Кәсіподақтар бұл жобаларға қатысуға және Комиссияның толыққанды мүшесі ретінде қатысуға құқылы болуы керек», – деп есептейді Батырбек Нұрпейісов.

«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Қайрат Үстеміров әділетті еңбекақы төлеу жүйесі мәселесіне тоқталды. Ол барлық санаттағы жұмыскерлерге бірдей еңбекақы төлеу жағдайын жасау мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Орман және балық шаруашылығы бюджеттік салада ең төмен жалақы алатын сала болып табылатыны құпия емес. 2016 жылы Еңбек кодексіне ауылдық елді мекендердегі орман шаруашылығы қызметкерлеріне 20 пайыз көлемінде қосымша ақы енгізілді. Алайда бұл шара бухгалтерлер мен басқа да қосымша лауазымдарды қамтымайды. Олар да ауылдық жерде жұмыс істейді, бірақ белгіленген қосымша төлемді пайдалана алмайды», – деді Қайрат Үстеміров.

«Химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Керім Пірімқұлұлы сындарлы әлеуметтік әріптестік орнатудың маңыздылығы туралы өз ойын білдірді.
«Бүгінде көптеген салаларда жұмыс берушілердің тарапынан әлеуметтік әріптестер жоқ. Біз «Атамекен» ҰКП-ны барлық жұмыс берушілер атынан келіссөздер процесінің алаңына қайтару қажет деп есептейміз», – деп есептейді Керім Пірімқұлұлы.

Сонымен қатар, «Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Михаил Никифоров әлеуметтік диалогты тікелей кәсіпорын иелерімен құру қажет деп есептейді.

«Тәжірибе көрсеткендей, бізге түпкі бенефициарларға тікелей шығуға мүмкіндік беретін механизмдер қажет», – деп атап өтті Михаил Никифоров.


«Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасының орынбасары Бақытжан Қуанышев еңбекақыға қатысты заңнамалық өзгерістер енгізудің өзектілігін атап өтті.

Ол, сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің зейнеткерлік жасын төмендету және климаттық жағдайлары қиын өңірлерде жұмыс істеу және тұрумен байланысты қосымша шығындар мен еңбек шығындарының ұлғаюына өтемақы төлеуді енгізу бойынша шаралар қабылдау туралы ұсынысын айтты.

«Қазкөміркәсіп» көміршілер салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Миргаязов зейнет жасын төмендету және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы ұсыныстарын айтты.

«Бүгінде шұғыл шешімдерді қажет ететін мәселелерді анықтау маңызды. Кәсіподақтар кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі бойынша бюджетті және іс-шаралар жоспарын талқылауға қатыспайды. Жұмыс беруші бұл мәселелерді жұмыскердің өкілімен келісуі тиіс деп есептейміз», – деді Марат Миргаязов.


ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз кезегінде РҮК отырысында кәсіподақтардың еңбекті қорғау жүйесін басқару процесіне нақты қатысуына мүмкіндік беретін бірқатар нормаларды қамтитын 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті.

Қатысушылар сөйлеген сөзді қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы мүше ұйымдардан түскен барлық ұсыныстарды ҚРКФ Атқару комитеті мен Бас кеңесі қарайтынына және олар заңнаманы жетілдіру бойынша алдағы жұмыс барысында ескерілетініне сендірді.

Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыру бойынша жүйелі шараларды әзірлеуде кәсіподақ бірлігін нығайтуға шақырды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы