Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкеткерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікқызы және салалық кәсіподақ мамандары есеп берді. Жиын өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты ZOOM платформасында онлайн форматта өтті. Шараға облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының активі, білім басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік орталығының өкілдері, аудандық кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, бастауыш кәсіподақ төрағалары мен әлеуметтік әріптестер, барлығы 150-ге тарта адам қатысты.
Раушан Серікқызының мәліметінше, бүгінде өңірде 12 аудандық, 1 қалалық және 596 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Облыстағы білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғайтын ұйымға 33 мыңға жуық педагог мүше. Кәсіподақ қызметінің басты бағыты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау. Бұл жұмыстар облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшылары сынды әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда.
«Білім кәсіподағы жыл бойы білім беру ұйымдарындғы еңбек қатынастарын реттеп, педагогтардың мүддесін жан-жақты қорғады. Соның айғағы, 2020-2021 оқу жылында әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізінде кәсіподақ ықпалымен ұстаздарға тиесілі қомақты қаражат қайтарылып берілді. Есепті кезеңде экономикалық тиімділік көрсеткіші 161 млн теңгеден асып жығылды. Бұл дегеніміз, мектеп директорлары және олардың орынбасарларына қосымша сағаттары үшін емдеу-сауықтыру ақысын төлеу, мұғалімдердің факультатив жұмыстарына категория бойынша еңбекақы төлеу, алғашқы даярлық пәні мұғалімдеріне үстемақы төлеу тағы басқа», – деді салалық кәсіподақ төрайымы.