Жұмыс барысымен танысты

Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Балқаш қалалық филиалы төрағасы Асем Айтжанова бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төраға/төрайымдарының басын қосты. Ондағы мақсат – жаңадан тағайындалған БҚҰ төрайымдарын жұмыс барысымен таныстырып, 2022 жылға межеленген жұмыс жоспарын бекіту, сондай-ақ еңбек ұжымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нұсқаулықтар беру.

«Zoom» платформасында өткен жиынға аймақтық кәсіподақтық техникалық инспекторы Медет Ерназаров та қатысты. Ол еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлар еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыратынын тілге тиек етіп, кәсіподақ белсенділеріне нақты мысалдардың негізінде білім мен тәрбие ошақтарында қызметкерлердің салауатты және қауіпсіз еңбегі үшін жасалуы тиіс жағдайларды жіпке тізді.

Қатысушылардың кәсіподақ жұмысына қатысты сұрақтарына тұщымды жауап қайтарған Әсем Бекенқызы жаңадан іске кіріскен әріптестеріне сәттілік тілеп, олар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.