Ақтөбе ферроқорытпа зауытының кәсіподағы есеп беру конференциясын өткізді

Іс-шараға кәсіпорын директоры, цех басшылары және цехкомдар қатысты. Конференцияға Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев те қатысты. Кәсіподақ комитетінің қазіргі төрағасы Сапарғали Мұқашов есеп беріп, атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Конференция барысында оған оң баға берілді.

Шара барысында кәсіподақ төрағасын сайлау өтті. Әріптестер Сапарғали Сүндетұлына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа кәсіподақ жетекшісіне жетістіктер тіледі. Ол 1 ақпаннан бастап қызметіне кіріседі.
Әбілқайыр Аутайұлы Сотқаров зауытта 1993 жылдан бастап жұмыс істейді, қызметін бірінші цехта мөлшерлеуші болып бастады, содан бір жылдан кейін балқытушы болды.

2006 жылға дейін №3 тәжірибелік-өнеркәсіптік цехта аға шебер болып жұмыс істеді.

2006 жылдың наурызынан шілдесіне дейін шихта дайындау цехының басшысы, содан соң №3 тәжірибелік-өнеркәсіптік цехының басшысы болды.

2008 жылы бірінші балқыту цехын басқарды, ал 2009 жылы екінші балқыту цехының басшысы болып тағайындалды.

«Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жаңа кәсіподақ жетекшісі үйлестіру кеңесінің мүшесі болады. Және кәсіподақ жұмысын одан әрі жандандыру үшін бірлескен оқыту семинарларын ұйымдастыру, әдістемелік көмек беру жан-жақты қарастырылады», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев.