Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ұйымдастыруымен мұнай-газ және мұнай сервистік кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын арттыруға қатысты бірыңғай тәсілді белгілеу мәселелері туралы кеңес өтті. Кеңеске Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыс көлемінде жер қойнауын пайдаланушы компания басшылары, мемлекеттік органдар бірінші басшылары мен орынбасарлары, басқа да тиісті саладағы ұйымдар басшылары қатысты.
2022 жылғы 20 қаңтарда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында сала қызметкерлерінің жалақысы мәселесі мен саладағы әлеуметтік-еңбек қатынастары ахуалы қаралған болатын.
Сырбойлық мұнайшылардың жалақысы мәселесі қаралған Кеңес барысында компания басшылары еңбек өнімділігін ескере отырып, жалақыны көтеру мерзімдерінің кезеңділігі, өз қызметкерлері мен мердігер ұйымдар жұмыскерлерінің жалақысын индекстеу тәсілдері туралы ақпарат ұсынды.
Ұсынылған ақпараттарға сәйкес жұмыскерлердің жалақысын көтеру мәселесін әлеуметтік әріптестермен бірлесе қарастырып, облыс әкімдігі тарапынан Министрлікке нақты ұсыныстар енгізілуі тапсырылды.