«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Жамбыл облысы Меркі ауданында мектеп ұжымымен кездесті

Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысы Меркі ауданы И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының еңбек ұжымымен кездесу өтті.

Онлайн форматта өткен іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Екатерина Смышляева және Мейрамбек Төлепберген, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков және кәсіподақ мүшелері қатысты.

Кездесуді ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы әр кәсіподақ мүшесіне өзін толғандырып жүрген мәселелерді ашық жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бүгінде онлайн форматтағы кездесулерге 40 мыңнан астам еңбеккер қатысқан.

Сондай-ақ, Бас кеңестің шешімімен 2022 жыл Әлеуметтік әріптестік жылы деп жарияланғанын айтты.

Сөз кезегін алған «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов Жамбыл облысының кәсіподақ ұйымдары 2021 жылы қарқынды жұмыстар атқарып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті.

Өткен жылы облыс бойынша 56 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 2499 адамға артқан. Мәселен, 2021 жылдың басында облыста 121 107 кәсіподақ мүшесі болса, қазір 123 606 мүше бар, яғни 2,1% өсіп отыр.

«Әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, ұжымдық шарт жасау жұмыстарында да бірқатар жетістіктерге қол жеткізе алдық. Жалпы, облыс көлемінде барлық меншік түріндегі жұмыс істеп тұрған 10 818 кәсіпорынның 99%-ы ұжымдық шарттармен қамтылып отыр. Ал осы кәсіпорындардың кәсіподақпен қамтылу деңгейі 13% құрайды, яғни 1426 кәсіпорында кәсіподақ ұйымы бар. Бұл жерде аталған 10 818 кәсіпорындардың басым бөлігі шағын бизнес субъектілері, яғни, жеке кәсіпкерлер мен 3-5 адамды құрайтын шағын кәсіпкерлік өкілдері. Осы орайда бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн», – деді «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығының» төрағасы.

Сонымен қатар, облыстағы 123 606 кәсіподақ мүшесінің 67 мыңнан астамы немесе 55% жуығы – білім және ғылым саласының кәсіподақ мүшелері.

«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатардағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі үшін осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде жергілікті кәсіподақта 13 құрылымдық бөлімшеге біріккен 801 бастауыш ұйым, 67 508 кәсіподақ мүшесі бар.

«Кәсіподақтың іргетасы ол – бастауыш ұйым. Яғни, шешімді қажет ететін барлық түйткілді мәселелер бастауыш кәсіподақ ұйымында шоғырланғанын түсіну қажет. Қарапайым еңбеккерлердің жай-күйі, әлеуметтік ахуалы, еңбек қатынастарындағы мәселелер кәсіподақтардың күн тәртібінен түспеуі тиіс. Біздің салалық кәсіподақта осы бағытта жасалып жатқан шаралардың ішінде ең маңыздысы – әлеуметтік әріптестік аясындағы ұжымдық шарт. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында облыста «Бірыңғай Ұжымдық шарттар» атты бастаманы көтердік. Әлеуметтік әріптестік жүйесінде ұжымдық шарттарды бірыңғай етіп жасаудың ең басты мақсаты – бастауыш ұйымдарды ұжымдық шарттарды жасаудағы көптеген күрделі мәселелерден босату», – деп атап өтті салалық кәсіподақ төрағасы.

Бүгінде ұжымдық шарттар арқылы сала қызметкерлерінің бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелерінің шешімі табылуда. Олардың қатарында жалақы есептеудегі заңдылықты қамтамасыз ету, жұмыс уақыты мен  демалыс уақытын ұйымдастыру сұрақтарын оңтайлы шешу, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік шараларын нығайту, еңбек қатынастарында заңмен реттелмеген олқылықтардың орнын толтыру, кәсіподақ органдары қызметінің кепілдіктерін сақтауды атап өтуге болады.

Сонымен қатар, ұжымдық шарттар арқылы жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі пәрменді келісу комиссияларын құру, жұмыс берушінің кейбір  актілерін қабылдауда кәсіподақ органдарының келісімін немесе дәлелді пікірін алу тәртібі, сала қызметкерлерінің декреттелген топ өкілдерін дәрігерлік тексеруден тегін өткізу, ауылды жерде тұрып, еңбек ететін педагог мамандарға отын үшін берілетін өтемақы төлеу мәселесінің түбегейлі шешімін тапқандығы да – осы ұжымдық-шарттық жұмыстардың жемісі.

«Кәсіподақ мүшелерінің арыз-өтініштері мен шағымдарын қабылдау,  оларды тиісінше шешу, әлеуметтік желідегі парақшаларды белсенді жүргізу жұмыстары іске асып отыр.

2021 жыл бойынша жергілікті кәсіподақ пен оның филиалдары тарапынан білім және ғылым саласы қызметкерлерінен 867 жазбаша, 10137 ауызша өтініштер түсіп, құқықтық сипаттағы 10157 қызмет-кеңес көрсетілді.

Жергілікті кәсіподақ мүшелігіндегі ұйым қызметкерлері-кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде 2015 жылдан бері 1 млрд. 382 млн. тңг қаржы өндіріліп, қайтарылып берілді.

Бұл жерде де аталған қаржының төленіп берілуіне 95% жағдайда келіссөздер арқылы қол жетсе, 5% ғана сот немесе өзге де құзырлы органдардың қатысуы арқылы шешімін тапты», – деді Ерұлан Мағзымбеков.

Сөз соңында жергілікті кәсіподақ төрағасы бірқатар мәселелерді атап өтті.

Өз кезегінде И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры Гүлжан Тілеубердиева мектептегі еңбек қатынастары ұжымдық шарт аясында іске асырылатынын жеткізді. Сонымен қатар, ұжымдық шартпен көзделген қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер толық мөлшерде орындалуда.

Мектепте бүгінгі таңда 219 мұғалім, 51 кіші қызметкер жұмыс істейді. Жоғары білімді – 211, арнайы орта білімді – 8, жоғары санатты – 12, бірінші санатты – 8, екінші санатты – 12 мұғалім. Мектептің 148 мұғалімі аттестаттаудың жаңа жүйесінен өтті.

И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясы бастауыш ұйымының төрағасы Ботагөз Коханова бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бүгінде кәсіподақ мүшелерінің саны – 286 адам, кәсіподақ комитеті мүшелерінің саны – 17 адам. Кәсіподақ комитеті мәдени-бұқаралық, спорттық-сауықтыру, ұйымдастырушылық, тұрмыстық, еңбекші әйелдер, отбасы, ата-ана мен баланы қорғау бағыттарында жұмыс атқарады.

«Мектепте Келісу комиссиясы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жастарды кәсіподақ жұмысына  тарту мәселесі жолға қойылған. Еңбек қатынастарына  қатысты мәселелер туындаса, жұмыс берушінің қатысуымен кәсіподақ комитетінің отырыстарында қарастырамыз», – деді Ботагөз Коханова.

«Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева осындай сипаттағы кездесулердің өзектілігін айта келе, көтерілген мәселелер салалық кәсіподақтың күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.

«Жамбыл облыстық жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысын атап өткен жөн. Кітапханашылар мен медбикелердің мәселесін шешу республика көлемінде күрделі болған кезде, Жамбыл облысы осы мәселені әлеуметтік әріптестік аясында шешті», – деді салалық кәсіподақ төрайымы.

Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту, адамдардың құқығын қорғау сынды үлкен мәселелер қозғалып жатқанын айтып өтті.

«Әлеуметтік әділеттікті сақтауды қамтамасыз ететін бірегей ұйым болғандықтан, кәсіподақтардың алдында тұрған міндеттер зор. Бүгін сіздер көтеріп жатқан мәселелер өте орынды.

Ал Жамбыл облысына келер болсақ, жергілікті кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырып жатқан іс-шаралары құптарлық және басқа аймақтарға үлгі боларлықтай», – деді Мейрамбек Төлепберген.

Ал ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева педагогтерді аттестаттау, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша жәрдемақы сияқты мәселелердің өзекті екенін айтты.

Кездесу барысында әлеуметтік-еңбек қатынастары аясында көптеген күрделі мәселелер қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Кездесуді қорытындылаған Нұрлан Өтешев аймақтағы кәсіподақтар ұйымының жұмысы жақсы жолға қойылғанын атап өтіп, көптеген мәселелер ашық айтылғанын жеткізді.