Дәулеталин: «Қайғылы қаңтар күндері Алматы қаласының кәсіподақтары адамдарды құтқарды»

Алматыда қайғылы оқиғалар кезінде мегаполистің кәсіподақ ұйымдары қала тұрғындары мен стратегиялық нысандардың қорғалуын қамтамасыз еткен әскери қызметкерлерге қолдан келгенше қолдау көрсетті.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы кәсіподақтары үйлестіру кеңесінің отырысы барысында Алматыдағы кәсіподақ орталығының төрағасы Зәуреш Өмірбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, 5 қаңтарда Алматы халықаралық әуежайын лаңкестер басып алған кезде авиациялық қауіпсіздік қызметі кәсіподақ ұйымының төрағасы Әлібек Құрмантай әуе жолаушылары мен қалалың әуе айлағының қызметкерлерін эвакуациялауға көмек көрсетті.

Әлібек Құрмантайдың өзі айтқандай, ол кезде қорқыныш туралы ойлауға уақыт болмады, адамдарды құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізу керек болды.

«Тез шешім қабылдау, ұйымдасқан түрде әрекет ету және жалпы дүрбелеңге берілмеу маңызды болды. Барлығы адамға толы 3-4 автобус шығардық. Бірінші кезекте әйелдер мен балалар шығарылды», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Әлібек 27 жасында кәсіподақ комитетінің төрағасы болған. Содан бері бар күш-жігерімен өзінің бастауыш ұйымының 507 мүшесінің құқығын қорғап келеді.

Бүкіл Қазақстан үшін қиын-қыстау күндерде Алматы қаласының кәсіподақ жетекшілері өз жұмыс орындарында болып, еңбек ұжымдарымен байланыста болды.

Мәселен, энергетиктер әр үйдегі жарық пен жылу олардың жұмысына байланысты екенін түсініп, жұмыстарын тоқтатқан жоқ.

«Қала жарықпен, жылумен және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етілді. Жергілікті кәсіподақ «АлЭС» АҚ басшылығымен бірлесіп, күш құрылымдары мен ҰҚКҰ әскери контингенті қорғауға көшкенге дейін қауіпсіздік шараларын күшейту шараларын қабылдады», – деді «Алматы электр станциялары» АҚ «Энергия» жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Тымбасбаев.

Оның айтуынша, «Энергия» жергілікті кәсіподақ ұйымы 5-7 қаңтар күндері жұмыс орнындағы барлық қызметкерлер мен нысандарды қорғайтын әскери қызметкерлерге ыстық тамақ ұйымдастырған. Сарбаздарды ыстық тамақпен қамтуға «Серіктес» кәсіподақ ұйымы да көмек көрсетті.

Теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының Алматы қалалық филиалы пойыз диспетчерлері мен «Алматы-1» және «Алматы-2» вокзалдарының қызметкерлерін тамақтандыруды ұйымдастырды.

Алматы қаласы кәсіподақ орталығының төрағасы Зәуреш Өмірбаева 2022 жылғы 12 қаңтарда тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен әскери қызметшілер емделіп жатқан ұлттық ұланның әскери бөлімінің лазаретінде болып қайтты. Кәсіподақ орталығының атынан медицина қызметкерлері мен олардың емделушілеріне азық-түлік өнімдері табыс етілді.

«Бүгінде кәсіподақ белсенділері ұжымдармен бірге қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып жатыр», – деп атап өтті Зәуреш Өмірбаева.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Алматы қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қала тұрғындарының тағдырына қамқорлық танытқан алматылық кәсіподақ мүшелеріне алғысын білдірді.

«Алматы – бүкіл елдің әл-ауқаты кейде оның әл-ауқатына байланысты болатын қала. Әріптестеріме жанқиярлық еңбегі мен барша алматылықтармен ынтымақтастықтарыңызға алғыс айтамын. Негізі, кәсіподақтар әрқашан халықпен бірге. Сіздердің сол қаңтар күндеріндегі іс-әрекеттеріңіз кәсіподақ бірлігінің лайықты үлгісі болып табылады. Кәсіподақтар қайғылы күндерде ғана емес, әрқашан бірігіп әрекет етуі керек. Біздің міндетіміз – күн сайын миллиондаған қазақстандық жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы