Бүгін Шымкент қаласында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы онлайн режимде өтті. Кеңес отырысына Үйлестіру кеңесінің мүшелері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және бірлестік қызметкерлері, Заң клиникасы мен Халықаралық медиация орталығының өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев 2021 жылы атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша баяндама жасады.
Бауыржан Ілімшеұлының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда бірлестіктің құрамында 8 салалық кәсіподақ филиалдары, 7 жергілікті кәсіподақтар бар. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны – 281, кәсіподақ мүшелерінің саны 51 466 құрайды.
Сонымен қатар, өткен жылы Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, комиссияның 18 отырысы өткен. Отырыстардың күн тәртібіне еңбек даулары, жалақы берешегі және жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қамтыған 16 мәселе енгізіліп, олардың басым бөлігі оң шешімдерін тапқан. Сондай-ақ, 2021 жылдың сәуір айында 2021-2023 жылдарға арналған өңірлік үшжақты келісімге қол қойылған.
“2021 жылы кәсіподақ ұйымы бар 3 мекемеде жалақыны көбейту, жұмыс жағдайын жақсарту талаптары бойынша еңбек дауы орын алған. Еңбек дауы орын алған мекемелерде көшпелі отырыстар ұйымдастырылып, жұмысшылар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде көтерілген мәселелер шешімін тауып, жұмыс қалыпты жағдайға жалғасты”, – деп атап өтті Бауыржан Ілімшеұлы.
Жалпы, Шымкент қаласында 2021 жылы 80 кәсіпорындағы 3 085 жұмыскерге 384 млн. теңге көлеміндегі жалақы бойынша берешек өтелген.
Жұмысшылардың алдында жалақы қарыздары бар кәсіпорындардың басшылары Өңірлік үшжақты комиссияның отырысына шақырылып, қарызды өтеу жөнінде ұсынымдар берілген. Кәсіподақтар орталығы төрағасының айтуынша, кәсіподақ ұйымдары бар мекемелер мен кәсіпорындарда жалақы қарызы жоқ.
Жазатайым жағдайға тоқталсақ, 2020 жылы кәсіпорындарда 48 жағдай орын алған, оның ішінде 3-уі топтық, жалпы 56 адам зардап шеккен, 9 адам қайтыс болып, 19 адам ауыр, 28 адам жеңіл жарақат алған.
Ал, 2021 жылы 30 жағдай орын алған, оның ішінде 6-уы топтық, жалпы 37 адам зардап шеккен, 6 адам қайтыс болып, 20 адам ауыр, 5 адам жеңіл жарақат алған.
Өткен жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалардың көрсеткіші 37,2%-ға төмендеген. 2021 жылы өндірістік жарақат орын алған мекемелердің 4-де кәсіподақ ұйымы бар. Осы мекемелерде алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында арнайы жол карталары бекітілген.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар орталығы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасымен бірге соңғы үш жылда жазатайым оқиғалар болған 55 мекемеде еңбекті қорғау, еңбек заңнамасын түсіндіру тақырыптарында семинар-кеңестер өткізген.
2021 жылы қалада 1 640 ұжымдық шарт тіркелген, жалпы ұжымдық шартпен қамту үлесі 39,13%-ды құрайды. Кәсіподақтар орталығы ұжымдық шарт жасаған мекемелердің санын арттыруға өз үлесін қосуда. Биылғы жылы кәсіподаққа мүшелікке тартылған мекемелердің барлығында ұжымдық шарттар жасалған.
Кәсіподақтар орталығымен 2021 жылы Еңбек адамын ұлықтау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына, кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсету мақсатында бірқатар жобалар іске асырылған. Жалпы мұндай іс-шараларға 1,5 мыңнан астам адам қатысқан. Бұдан бөлек, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 7 еңбек ұжымымен онлайн форматта, 93 еңбек ұжымымен оффлайн форматта кездесулер өтті. Бұл шараға жалпы 1 425 кәсіподақ мүшелері қатысып, өз сұрақтарына жауаптар алды. Сонымен қатар, 2021 жылғы 4 қазан күні Кәсіподақтар орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Кәсіподақтар күніне орай «Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумын» өткізді.
Жыл басынан бері жалпы 1 343 кәсіподақ мүшесі марапатқа ие болды. Оның ішінде 106 азамат төсбелгімен, 1237 азамат Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапатталды. «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіподағы тарапынан 34 кәсіподақ мүшесіне 1 млн. 900 мың теңгеге сертификат берілді. Кәсіподақ мүшелеріне 3 млн. 114 мың теңге көлемінде қайырымдылық және материалдық көмек көрсетілді, 3 студентке стипендиялар тағайындалды. 2021 жылы жалпы 563 кәсіподақ мүшелеріне шипажайға жолдамалар берілді.
«Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша республикалық конкурсында «Үздік ұжымдық шарт» номинациясының Алтын жүлдегері атанған. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар кәсіподақ мүшелері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен «Қуатжылуорталық-3» МК-ның жылу жүйесін дайындау бойынша слесарі Бауыржан Әбдешов марапатталды. Сонымен қатар, Өңірлік үшжақты комиссия отырысында Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдарын марапаттау туралы бастама көтерілді. Нәтижесінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы қала әкімінің Алғыс хатына ие болды.
“Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Татуласу орталығында» өткен жылы 91 адамға тегін кеңес берілді, оның ішінде 35-і еңбек дауы, ал 35-і әлеуметтік даулар бойынша. Оң шешімін тапқандары – 74, бітімгершілікпен сәтті аяқталғаны – 19, құқықтық кеңес алғаны – 18, психологиялық көмек алғаны – 17. Келіп түскен даулар бойынша 62 келісім жасалды.
Сонымен бірге, 2021 жылдың сәуір айында Кәсіподақтар бірлестігі ғимаратында «Заң клиникасы» ашылды. «Заң клиникасында» 28 кәсіподақ мүшесі түрлі құқықтық көмек алған.
Мемлекеттік еңбек инспекциясынан Кәсіподақтар бірлестігіне еңбек даулары бойынша 106 арыз келіп түскен, оның ішінде 74-і еңбекақы бойынша, 27-і заңсыз жұмыстан шығару, 5-і еңбек демалысы мен еңбекке уақытша жарамсыздықтың төленбеуіне қатысты арыздар болып табылады. Арыздардың 36-ы білім саласы, 24-і денсаулық сақтау саласы, ал қалған 46-ы өзге салаларға қатысты.
Осы арыздарды қарау барысында олардың 62-і бойынша медиациялық келісім жасалған, 19 арыз бойынша тараптар өздері келісімге келді, 38 арыз бойынша құқықтық-кеңестер берілді”, – деді Бауыржан Әлтеев.
Сондай-ақ, 2021 жылдың тамыз айында Шымкент қаласының ситуациялық орталығымен меморандум жасалып, есептік мерзімде бұл орталықтан түскен 23 арыз қаралып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданған.
Бұдан бөлек, 2021 жылы Үйлестіру кеңесінің 12 отырысы өткізіліп, онда кәсіподақтың күнделікті жұмыс барысында туындайтын өзекті мәселелер қарастырылды.
Кәсіподақтар орталығы кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмысшыларды кәсіподаққа мүшелікке тартуды тұрақты түрде іске асырады. 2021 жылы 30 мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылса, 4 387 адам кәсіподаққа мүшелікке тартылған.
Бауыржан Әлтеев атқарылған жұмыстар туралы баяндамасын қорытындылай келе, 2022 жылға жұмыс жоспары бекітілгендігін және осы жоспарларға сай ағымдағы жылы әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек заңнамасын жетілдіру, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын жақсарту, жалақыны арттыру және кәсіподақтардың қатардағы мүшелері үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау бағытында жұмыс жасалатынын жеткізді.
Отырыста, сонымен қатар, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қалалық ұйымының, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы қалалық филиалының басшылары баяндама жасады. Олар өз тараптарынан күнделікті жұмыс барысындағы мәселелерін ортаға салып, тұшымды жауаптар алды.
Кеңес отырысын қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бірлестік пен салалық кәсіподақтар филиалдарының жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта ынтымақтастықта жұмыс жасауға шақырды.