Келелі мәселелер көтерілген кеңес

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында «Қасіретті қаңтар» деп сақталатын толқудың лебі Жезқазғанда да сезілген-ді. Атап айтар болсақ, қала орталығы Алаш алаңында бейбіт митинг өтіп, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс ошақтарының ұжымдары жұмысты тоқтатып, бірқатар талаптар қойған еді. Бүгін әлеуметтік әріптестік жөніндегі қалалық үшжақты комиссия құю-механикалық зауытында өткізген кезектен тыс отырыста жұмысшылардың талаптарын шешу барысын қарастырды.

Қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова төрағалық еткен комиссия отырысында құю-механикалық зауытының директоры Ғани Пирекенов, байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаев пен «Tranco Jezz» ЖШС директоры Рахым Хамитов, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» МК директоры Олжас Жүніс баяндама жасады.

Қазіргі таңда еңбеккерлердің жалақыны көтеру және әлеуметтік пакеттер бойынша талаптары толығымен орындалған. Дегенмен, заңнамалық деңгейде шешуді талап ететін өндіріс жұмысшыларының зейнет жасын төмендету сияқты мәселелер бойынша орталық атқарушы органдарға ұсыныс хаттар жолданған.

Комиссия отырысының соңында барлық салалық кәсіподақ жетекшілеріне еңбек ұжымдарымен тығыз жұмыс істеу, олардың көңіл-күйін білу, осындай жағдайлардың алдын алу бойынша мониторинг жүргізу жүктелді.

Бүгінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның мүшесі Марат Қоңырбаев төрағалық ететін 20 мыңнан астам мүшесі бар Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы тарапынан әлеуметтік әріптестермен бірлесе әлеуметтік шиеленістің, еңбек жанжалдарының алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл Әлеуметтік әріптестік жылы аясында да еңбек адамының әл-ауқатын арттыруды көздейтін кәсіподақ ұсыныстары қолдау табатынына сенім мол.