«Жамбыл-Жылу» кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын артып келеді

«Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Б.Қарашолақов «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысының 2021 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебіне қатысты.

«Жамбыл-Жылу» МКК теңгерімінде бар болғаны 75 қазандық бар (оның 74-і көгілдір отынға ауыстырылған). Оларға қарасты жылу желілерінің жалпы ұзындығы 45,4 шақырымды құрайды.

Кәсіпорын 174 көпқабатты үйге (8301 абонент), 115 бюджеттік мекемеге қызмет көрсетеді.

2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы өндірілген жылу энергиясының көлемі 11,7 пайызға артқан.

«Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысы Мүсілім Қасымовтың айтуынша, жұмысшылардың жалпы саны 675 адам, олардың барлығы кәсіподақ ұйымының мүшелері.

Қызметкерлердің жалақысы өткен жылы 33,9 пайызға, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 10 пайызға өсті.

«2021 жылы кәсіпорын көп балалы жанұясы бар және жанұясында жалғыз асыраушы қызметкерлерімізге 1 268 345 тг. құрайтын, 215 жанұяға азық-түлік себеттері жасалып, таратылды және бір жанұяға 75 000 тг. көмір сатып алынды», – деді «Жамбыл-Жылу» МКК кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағынбек Нұрғалиев.

Айта кетейік, 2019 жылдан бері кәсіпорын қызметкерлері тегін медициналық көмек алуда (күндізгі станционар) және жылына екі рет толықтай медициналық тексерулерден өтеді.

«Жамбыл-Жылу» МКК жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін қызметкерлерді жалақысыз демалысқа жібермеу мақсатында басқа да қызмет түрлерін көрсетеді. Кәсіпорын базасында жөндеу-механикалық шеберхана, құрылыс материалдарын өндіру цехы жұмыс істейді.