«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында Түркістан облысы ШЖҚ «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бастауыш кәсіподақ ұйымының ұжымымен кездесу өтті.
Онлайн режимде өткен іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов, “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов, «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Тасболат Сәдібеков және кәсіподақ активі қатысты.
Төраға орынбасары өз сөзінде ҚРКФ басшылығы мен еңбек ұжымдары арасындағы кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, 2021 жылдан бастау алған ҚРКФ-ның «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы бастауыш ұйымдарды қолдау мен еңбек ұжымдарымен «кері байланыс» жүйесін құру үшін қолға алынған.
Акция аясында бүгінге дейін 400-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн кездесу ұйымдастырылды.
“Мұндай кездесулер тәжірибе алмасу мен еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов өз кезегінде кәсіподақтардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.
Ол қазіргі таңда Үкімет отырысында еңбеккерлердің уақтылы және лайықты жалақы алуына жағдай жасау бойынша көптеген ауқымды шаралар қаралып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында.
“Жалпы, жалақы мәселесі бүгінгі күні өзекті күйінде қалып отыр, оны шешу бойынша шаралар қабылдануда. Ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін өсті. Мұғалімдердің, дәрігерлердің, кітапханашылардың еңбекақысының деңгейі көтерілді. Қазіргі уақытта ауыр жағдайда жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі шешілуде”, – деп атап өтті Берік Бекжанов.
Жиын барысында «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Кәсіподақ комитетінің төрағасы Тасболат Сәдібеков бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы айтты.
Оның айтуынша, «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының МКК 2014 жылы құрылған. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен жыл бойына көлік құралдарының үздіксіз, қауіпсіз және ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету. Оның мәлімдеуінше, 2021 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау мақсатында үлкен жұмыс көлемі атқарылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейі, жүк айналымы мен жолаушылар тасымалдау көрсеткіштері біршама өскен.
Бүгінде кәсіпорында 163 еңбеккер жұмыс істейді. Олардың барлығы 100% кәсіподақ мүшесі. Кәсіпорында еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау толығымен сақталған.
“Ұжымдағы кәсіподақ мүшелерінің ауызбіршіліктерін дамыту мақсатында үнемі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Жұмысқа шабыттандыру, ынталандыру мақсатында ерекше еңбек етіп жүрген еңбеккерлерге түрлі сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталып, кәсіподақ тарапынан көңіл бөлініп отырады. Сондай-ақ, ұжымда әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсетіледі”, – деп атап өтті Т.Сәдібеков.
Өз кезегінде, Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов Парламент Мәжілісі депутаттарына және Кәсіподақтар федерациясының басшылығына көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдіріп, еңбек ұжымдары үшін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында өткізіліп отырған осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
Жергілікті кәсіподақта 27 бастауыш ұйым, 1800 кәсіподақ мүшесі бар.
Кездесу барысында жұмысшылар еңбекақыларын арттыруға қатысты тілектерін жеткізді және кәсіподақ шипажайларына жеңілдетілген жолдамаларға байланысты мәселелерді қарастыруды ұсынды.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ҚРКФ төрағасы Республикалық үшжақты комиссия отырысында айтқан азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Кәсіподақтар федерациясының бастамалары туралы баяндады.
Шипажайлық жолдамаларға қатысты ол қазіргі уақытта «Щучинский» шипажайынан пилоттық режимде басталатын медициналық оңалту жобасы әзірленуде деп жауап берді.
Жиынды қорытындылаған Нұрлан Өтешев кездесуге қатысушыларға ризашылығын білдіріп, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы оң жұмысын атап өтті. Ол кәсіподақ активін кәсіподақ идеяларын насихаттауда бірігуге шақырды.
«Біздің ұжымдармен кездесулеріміз неғұрлым ашық болса, Федерация мен оның мүше ұйымдары әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейінде жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін соғұрлым тиімді қорғай алады. Бұл міндеттердің орындалуы кәсіподақ ұйымының белсенділігіне және кәсіподақ ұйымдарының ұйымшылдығына байланысты», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.